Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы ақылы болады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту мәселелері бойынша баяндаған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын салу және пайдалану» жобасы бойынша 2018 жылдың 7 ақпанында министрлік «Алсим Аларко - Макйол - СК - Кореян ЭкспрессВэй» Консорциумымен келісімшартқа қол қойған.
«Бүгінгі күні толықтай құрылысқа жер бөлу мәселесі шешілді. Учаскелерге техника мен жұмысшыларды жұмылдыру толықтай аяқталды, карьерлер рәсімделді және ағымдағы жылдың 31 мамырда құрылыс жұмыстары басталды. 2021 жылы құрылыс жұмыстарын аяқтап, жолды ақылы негізде пайдалануға беру көзделеді»,- деді ол.
Министрдің дерегінше, құрылыс кезеңінде 3 мыңға жуық жұмыс орны ашылады.
«Жол тәулігіне 38 мың автокөлік құралының қала сыртына шығуына мүмкіндік береді және қаланың экологиясына оң әсер етеді», - деді Жеңіс Қасымбек.
Жалпы оның дерегінше, Инвестициялар және даму министрлігі жетекшілік ететін салаларда мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі бойынша 18 жоба пысықталып, іске асырылып жатыр.
Атап айтқанда, 3 жоба автомобиль жолдары саласында, 1 жоба теміржол көлігі саласында, 2 жоба азаматтық авиация саласында, 12 жоба тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және энергия үнемдеу салаларында.