|
14.12.2018 | 16:38
14023

Алматыда мереке қарсаңында жаңа балабақша мен емхана қолданысқа берілді

Алматыда мереке қарсаңында жаңа балабақша мен емхана қолданысқа берілді

Тәуелсіздікке тарту. Мейрам қарсаңында Алматының Алатау ауданында 320 балаға шақталған бөбекжай ашылды. Заманауи мектепке дейінгі мекемеге «Саялы» ықшамауданының балалары барады. Ал Наурызбай ауданында жаңа емхана қолданысқа берілді. Мемлекеттік мекеме жақын маңдағы 30 мың науқасты қамтымақ. Әлеуметтік нысандарға Алматы әкімі Бауыржан Байбек арнайы барды.

«Саялы» ықшамауданындағы жаңа балабақшаны тұрғындар көп күтті. Осыны ескерген қала әкімдігі заманауи бөбекжайды 1 жыл ішінде салып біткен. Себебі, Алатау ауданында халық саны күрт артып, балабақшаға сұраныс артқан. Кең әрі жайлы мекемеде 32 жоғары білімі бар тәрбиеші тәлім береді. Бөбектерді қабылдау ресми түрде 19 желтоқсаннан басталады. Айта кетейік, мемлекеттік мектепке дейінгі мекемеге өтінімдер «Open Almaty» арқылы онлайн түрінде қабылданады.

«Мемлекеттік бағдарламаға байланысты жаңа үйлер беріліп жатыр. Соған байланысты бала саны, бүлдіршіндер саны өте көп. Сондықтан талап та көп. Барлық топтарда тәрбиешілер мен тәрбиешілердің көмекшілері жұмысқа алынған. Балабақшамыз жаңа инновациялық технологиямен жұмысты бастап отыр», – деді Алматы қаласы №183 бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Ғалия ШӘМЕТОВА.

Қолданысқа берілген нысанды алғашқылардың бірі болып қала әкімі Бауыржан Байбек аралады. Бөбекжайда анықтамалық киоскі орнатылған. Интерактивті дисплей арқылы мектепке дейінгі мекеме жайлы барлық ақпарат алуға болады. Онда әр топтың балалары, тәрбиеші және қосымша үйірмелер жайлы толық мағлұмат енгізілмек. Мемлекеттік балабақшаның өзгелерден ерекшелігі сол, бөбектерді ерте жастан робототехника жасауға баулиды. Сондай-ақ, мектепке дейінгі мекемеде спорт және музыка залы бар. Алматы әкімі балабақша бөбектерге қазақтың дәстүрін дәріптеп, тілді құрметтеуді үйретуі керек деді.

«Біз балабақшада бәрі ұлттық нақышта болуы керек деген тапсырма бердік. Қазақ балабақшаларында Қожанасыр, Алдар көсе сияқты ертегі кейіпкерлерімен балалар ерте кезден етене танысып, аңыз-әңгімелерімізге, жыр дастандарымызға сусындап өсуі тиіс», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Ал Наурызбай ауданында жаңа емхананың құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Енді науқастар барлық қажетті медициналық құрылғылармен қамтылған 3 қабатты емханада емделеді. Қала әкімі Бауыржан Байбек әлеуметтік нысанға арнайы барып, көріп қайтты.

«Бұрын Ақсай ауруханасына баратынбыз. Біз автобусқа барып, поликлиникаға барып қайтқанша ары-бері жүргенге бір сағаттан артық уақыт кететін еді. Мұндағы сауықтыру кабинеті өте қолайлы екен. Қазір қолыма ем алып, өзімді жақсы сезініп қалдым», – дейді тұрғын Алма ҚҰРМАНБАЕВА.

Мемлекеттік емханада ересектермен қатар, балалар да емдейтін бөлімдер бар. 52 дәрігер, 88 медбике және 20 учаскелік ақ халатты қызмет етеді. Мұндағы соңғы үлгідегі медициналық құралдар Корей, Қытай және Еуропадан әкелінген. Емхана ауысымына 500 науқасты қабылдай алады.

«Емханада невропотолог, онколог, психиатр, фтизиатр, гастроэнторолог, окулист, лор сияқты барлық маман бар. Одан басқа, осы емхананың негізгі ерекшелігі – оңтайландырылуға көп көңіл бөлінген.  Бұл емхана Наурызбай ауданындағы «Таусамалы», «Тастыбұлақ», «Тау жолы», «Қарағайлы», «Құрамыс», «Қарғалы» кенттері сияқты үлкен аумақтағы халыққа қызмет етеді», – деді Алматы қаласы №26 емхананың бас дәрігері Айгүл ТҰРЫСБЕКОВА.

Одан бөлек, емханада дәрігерлерді үйге шақыру қызметі қарастырылған. Ол үшін тұрғындар 2-97-05-35 нөміріне қоңырау шалулары қажет. Сондай-ақ, медициналық мекемеде халыққа тегін берілетін дәрілер де таратылады.


Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир