Елбасының батасын алған жастар: «Ерекше қамқорлықты сезініп келеміз»

Елбасының батасын алған жастар: «Ерекше қамқорлықты сезініп келеміз»
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жалынды жастар үшін Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың түр-тұлғасы, парасат-пайымы, болашақты болжай білетін көрегенділігі қашанда үлгі. Елбасы жастармен жиі кездесіп, бағыт-бағдар беруге әрдайым дайын. Өз кезегінде, Мемлекет басшысының ерекше қамқорлығын жастар да сезініп келеді. 

Нұрсұлтан Назарбаев – азаттық аңсаған, аталы сөзге тоқтаған, ақ ниетті, арда халықтың перзенті. Ол өмір жолын қарапайым жұмысшы болып бастап, бүгінде әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлғаға айналды. Тарихы терең, рухы өр елдің көшбасшысы жастарға қашанда сенім артып, қай кезде де қолдау көрсетіп келеді. Ал Арман Тосқанбаев Елбасымен кездесіп, батасын алғандардың бірі. Айтуынша, мемлекет басшысының қолдауы арқасында кәсібін өрге домалатқан.

«Сағатты ол кісінің қолына тақпайсың, тек қана қорапты ашасың, көрсетесің, оны көмекшісі алып кетеді дейді. Бірақ мен ол кісінің жанына келгенде қатты абыржып тұрсам да: «Менің арманым – осы сағатты сіздің қолыңыздан көру» дедім. Сонда ол кісі: «Таққың келе ме?» дкеп сұрады. Мен қазақша не айтарымды білмей, «Давайте» деппін. Сонда ол кісі қолын созғанда, сағатты қолына кигіздім. Сөйтіп мен еш тәртіпті бұзбастан, арманыма жеттім. Өйткені, сағатты тағуды Елбасының өзі ұсынды», – деп Елбасымен кездескен сәтін еске алады кәсіпкер Арман ТОСҚАНБАЕВ. 

Елбасымен кездескен 2016 жылы Тәуелсіздікпен түйдей құрдас Арманның 4 жеке компаниясы болған. Қазір оның қатары тағы қос кәсіпорынмен толығыпты. Отандық қол сағат өндірісі қарқынды дамып, қазір де жаңа түрлері пайда болған. Сұраныс бар дейді кәсіпкер. Оның сөзінше, елі сүйген, елін сүйген Мемлекет басшысын көріп, сөйлесу мүмкіндігі шабытына шабыт қосқан екен.

«Енді ойлап отырсам, 2016 жылы біз әлі кішкентай компания болыппыз ғой. Қазіргі күнде біршама ұлғайдық. Тек Қазақстан ғана емес, шетелдермен де жұмыс істейміз. Ресей, жақын ТМД елдері, Қытай елі сияқты көршілес мемлекеттермен тығыз байланыс орнаттық. Тауарларымыз жан-жаққа кетіп жатыр», – дейді кәсіпкер Арман ТОСҚАНБАЕВ.

Ал бүгінгі күннің батыры Серік Есматов – қос аяғын жоғалтқанымен, өзіне деген сенімді ешқашан жоғалтпаған, өмірді шексіз сүйетін жан. Оның айтуынша, Елбасының өзі осындай қиындықта сағы сынбайтын, қайта сүйікті ісімен айналысып, көпке үлгі болып жүрген білімді жастарды жақсы көреді. Серік Есматов өмірде Мемлекет басшысымен бір емес, бірнеше мәрте кездескен.

«Ең бірінші кездесуім 2017 жылы болды. Одан кейін де көрдім. Өте қарапайым, әңгімеге ашық, жылы шырайлы, энергетикасы мықты тұлға. Ел жайлы ол кісінің өз аузынан, жанында отырып тыңдаудың өзі бақыт. Елбасы жастарға сенім артады. Бізді қолдайды. Жастарға бір орында тұрмай, білім алуды, елге үлес қосуды үнемі айтып жүреді. Өз құпияларымен бөліседі», – деді «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Серік ЕСМАТОВ.

Айта кетейік, Елбасы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады.  


Жадыра Омаржан, Әсет Құндақбаев, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров