Қазақ қаламгерлерінің шығармалары БҰҰ-ның 6 тіліне аударылады

14.01.2019 21:45

Қазақ қаламгерлерінің шығармалары 60 мың данамен Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тіліне аударылады.

Жинаққа енген 30 автордың туындылары ағылшын, қытай, орыс, француз, испан, арабшаға тәржімаланбақ. Бастама Ұлттық аударма бюросының мұрындық болуымен «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жоба аясында қолға алынған. Әрбір жинақ таралымы 10 мың данадан болады деп жоспарлануда. Қазақ әдебиетін әлемге таныту үшін туындылар аты әйгілі университеттерге тегін таратылады.

«Бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тілі - ағылшын, қытай, орыс, француз, испан және араб тілдерінде 70-тен астам ел сөйлейді. Осы елдердің бәрінде 2,5 миллиард xалық тұрады. Қазақ әдебиетінің антологиясы екі жинақтан тұрады. Әрбіреуіне 30 автордың шығармасы енді. Екі жинақтың әрқайсысы 30 табақты құрайды. Әр баспатабақ бір-бір авторға беріледі. Сонда әрқайсысының құрамында 30 адам болмақ. Оның өзі 450-500 бет көлемінде болмақ. Яғни, бұл өте үлкен, ауқымды жұмыс», – деді Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан КЕНЖЕXАНҰЛЫ.

Айта кетейік, қазіргі таңда аударма жұмысы төрт тілде аяқталып, тек қытай және араб тілдеріндегі тәржімалар ғана қалған. Қазақстандық жазушылар мұндай істі ертеде-ақ қолға алу керек еді дейді.

«Біздің қаламгерлер әлемнің әдебиетшілерінен кем емес. Артық жерлері де бар. Өйткені, біз олар үшін ашылмаған жұмбақпыз. Біздің даланың әлі айтары да, тарихы да жетеді», – деді ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА.