«Полицейлер міндетін адал атқарғанда, Денис Тен аман қалар еді» – жәбірленуші тарап

«Полицейлер міндетін адал атқарғанда, Денис Тен аман қалар еді» – жәбірленуші тарап
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Полицейлер міндетін адал атқарғанда, Денис Тен аман қалар еді». Бүгін жәбірленуші тарап сотта осылай деп мәлімдеді. Олар күдікті Арман Құдайбергеновты спортшының өліміне дейін жасаған қылмысы үшін жазаламай, босатып жіберген астаналық қос полицейді жазаға тартуды сұрады. Сондай-ақ, бүгін марқұм қаза тапқан жерге бірінші жеткен полицейлер мен оған алғашқы көмек көрсеткен куәгер сот алдында жауап берді.

Денистің ақтық демі үзілген сәтте қасында болған куәгер осы. Сол жантүршігерлік оқиға болған күні Ербол Қадіров көлігінің ішінде отырып, жанұшыра жүгіріп бара жатқан үш жігітті байқапты. Бірақ ол бұған мән бермей бейқам отырады. Бір сәтте ерегескен үшеудің бірі мертіккенін байқап, машинасынан дереу атып шығады.

«Бір кезде біреуі құлады. Сосын сол жаққа полиция қызметкері жүгірді, оның артынан мен жүгірдім. Мен Теннің қасында қалып, жедел жәрдем шақырдым. Келген кезімде Денис тұрып тұрды. Бірақ ес-түссіз тұрды. Содан соң тор қоршауға сүйенді де отыра кетті, артынша етбетінен құлады. Содан кейін полицей келді. Олардан соң жедел жәрдем көлігі жетті. Футболкасын жырттым, қасыма келген қыз аяғын байлады. Жүгіріп кеткен полицейлер қайта келді, біреуі су әкелді, ылғалды сулық берді. Сосын маған тиіскізбеді. Бетін жуған кезімде есін білмеді, еріндері көгеріп кетті. Ауыр демалып жатты. Аяғындағы қаны тоқтамады», – деді куәгер Ербол ҚАДІРОВ.

Куәгер ол маңда тәртіп сақшысының аяқасты қалай тап болғанын көрмегенін айтты. Әрі қанды қылмыс болған жерден «30 метр қашықтықта тұрдым, сондықтан кімдердің төбелесіп жатқанын байқамадым» деп ақталғандай болды. Ал Денис пышақталған жерге бірінші болып жеткен полицейлер сұмдық жайтты ретімен баяндады. Спортшыны өлтірген сәтте сол жерде болып, қаскөйлердің соңынан қуа жөнелгендер кәмелет жасына толмағандардың ісімен айналысатын инспекция қызметкерлері екен.

«Ол жерде қансырап жатты. Теріс қарап жатқандықтан кім екенін біле алмадым. Жарақатының айналасы футболкамен байланған екен. Адамдардан дәрі қобдишасын сұрадым. Жедел жәрдем келгенше, жгутпен байладым. 10-12 минуттан соң жедел жәрдем келді. Рация арқылы олардың тез келуін екі-үш рет қайталап айттым», – деді Алматы қаласы ПД Түрксіб аудандық жол-патрульдік полициясының взвод командирі Ердос ЕРКІНБЕК.

«Оқиға орнына 10 минутта жеттім. Адамдар зардап шегушіні қоршап алған. Кафе қызметкерлері спирт әкеліп, жарақат орнына жақты. Жедел жәрдем 4 минуттан соң келді. Жақын маңда автоәйнектерге толы сөмке жатты. Сөмке терезесі алынған Lexus көлігінің жанында жатыр екен. Көлікті де қоршауға алдық», – деді Алматы қаласы ПД жол-патрульдік полиция қызметкері Сержан АДАЛБАЙ.

Олимпиада жүлдегері жан тапсырған кеште күдіктілер жайбарақат жүріпті. Құдайбергенов дереу пәтерінен киімдерін жинап жолға шықса, Жанар Толыбаева қасындағы құрбысымен Қапшағайға тынығуға кеткен. Сотқа куә ретінде шақыртылған үш сотталушының ортақ танысы олардың жүздерінен қобалжуды сезген.

«Қапшағайға 19-ы күні кешкісін бардық. Демалуға Зарина деген құрбысы шақырды. Қара джиппен 3 ұл, 4 қыз бардық. Киіз үйде демалдық. Таңғы 10-11-лерде үйге келдік. Көңіл-күйі болмады, білдіргісі келмеді ғой деймін», – деді куәгер Жайна ІЗТІЛЕУОВА.

Жәбірленуші тарап сотқа арыз түсірді. Олар күдікті Арман Құдайбергеновты спортшының өліміне дейін жасаған қылмысы үшін жазаламай, босатып жіберген астаналық қос полицейді жазаға тартуды сұрады. Айтуларынша, «Полицейлер міндетін адал атқарғанда, Денис Тен қыршынынан қиылмас еді».

«Разбекова пен Шерниязов Құдайбергеновты Астанадағы қылмыс орнында құрықтап, кейін ешқайда шықпау туралы қолхат жаздырып, босатып жіберген. Олар жұмыстарына селқостық танытқан. Егер қылмыскерді дер кезінде құрыстаса, осындай ауыр қайғы болмас еді. Сондықтан ол екеуін заң алдында жазалауды талап етеміз», - деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Нұрлан Үстеміров.


Бүгінгі сотта барлығы 8 куәгерден жауап алынды.  Ал қорғаушылардың сөзінше, келесі отырыста Денис Тенге жабылғандарды көрген қос полицейден жауап алынбақ.


Айдана Мейрамбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров