Түнгі рейд: Алматы полициясы үш күнде 220 жеткіншекті ұстады

Түнгі рейд: Алматы полициясы үш күнде 220 жеткіншекті ұстады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда түнде көше кезіп, компьютер клубын жағалаған балаларды полиция ұстап жатыр. «Демалыс» атты арнайы тексеріс басталған үш күн ішінде 220-дан аса жеткіншек  қолға түсті. Ал тәртіп сақшылары 200-ге жуық ата-ананы балаларын түнгі уақытта қараусыз қалдырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.  

Тапсырмаларды тәптіштеп түсініп алған ювеналды полиция бөлімінің тәртіп сақшылары жедел алдын-алу шарасына кірісті. Басты мақсаттары – түнде көше кезіп, клубтан көз ашпай жүрген  ұл-қыздарды анықтау және балалар қылмысы мен кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы заңбұзушылықтың алдын-алу. Рейд кезінде, ең бірінші болып «Айнабұлақ» ықшамауданында сыра ішіп, шылым шегіп тұрған 3 жасөспірім ұсталды. Оның бірі небәрі 14 жаста екен.

Полицейлер желік қуған жасөспірімдердің ата-аналарын шақыртты. Әр ата-ана баласы қоғамдық орында темекі шеккені үшін 3 айлық есептік көрсеткіш, яғни 7 мың 215 теңге, алкогольді ішімдік ішкені үшін 5 АЕК, яғни 12 мың теңге айыппұл арқалады. Ал балаларын түнгі уақытта қараусыз қалдырған ата-аналарға осы жолы полицейлер тек ескерту жасады.  

Жансүгіров көшесі бойындағы ойын-сауық кешенінде көңіл көтеріп жүрген жерінде 17 жастағы Алматы облысының тумасы ұсталды. Ол мұнда жалғыз емес, туысқан ағасымен келгенін айтты.

« – Мынау не? Түнгі уақытта қыдырып кафеде жүрсіз ғой? – Жоқ, мен әншейін, ағамды күтіп тұрғанмын далада. – Ағаңыз қайда? – Жанымда тұр...».

Тек жасөспірімнің ағам дегені туысқаны болмай шықты. Ол бірге жалдап тұратын пәтердегі көршісі екен. Ата-анасы алыста болғандықтан, полицейлер тура кафенің мекенжайына колледждегі кураторын шақыртып, ескерту жасады. Ал өзін ағасымын деп таныстырған жігіттен кәмелеттік жасқа толмаған баланы түнде неліктен кафеге әкелгенін сұрағанымызда, ол камераға жұдырық ала жөнелді.  

« – Туған ағасы болмасам да, өмірде ағасы болып жүремін. Менің қасымда тұрады. Мені камераға түсірмей-ақ қой. Қағып тастаймын...», деп қоқан-лоққы көрсете жасөспірімнің «ағасымын» деген азамат.

Арнайы рейд басталған 3 күннен бері 23 жасөспірім пен 25 қолайсыз отбасы Ішкі істер органына есепке алынды. Ал бала алдындағы міндеттерін орындай алмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту мақсатында 14 отбасының құжаттары сотқа жіберілді. Енді 12 компьютер клубына қатысты іс арнайы ауданаралық әкімшілік сотта қаралады.

«Осы жылдың басында Алматы қаласы бойынша жасөсіпірімдер жасаған қылмыстар саны 180-ге жуық болған. Бірақ айта кетерлігі, осы қылмыстың 50 пайызын сырттан келген балалар жасайды. Өздеріңіз білесіздер, Алматы қаласы үлкен аумақ. Сондықтан жан-жақтан келетін жастар көп. Осындай рейдтерді апта сайын өткізе бастадық. Өйткені, түнгі уақытта балалар қауіпті жағдайларға ұшырап қалуы немесе балаға қарсы қылмыс жасалуы мүмкін. Сондықтан әрине, нәтижесі бар», – деді Алматы қаласы ІІД жергілікті полиция қызметі Ювенальды полиция басшысы Лейла ӘЛІПБАЕВА.

Жалпы, Алматыда жыл басынан бері 3200-ден аса ата-ана балаларын түнде қараусыз жібергендіктен, жауапкершілікке тартылды. Ал 30 ата-ана ішімдікке салынып, балаларды қараусыз қалдырғандықтан, ата-аналық құқықтарынан айрылды. Айта кетейік, түнгі уақытта қыдырып жүрген жасөспірімдердің ата-аналарға заң бойынша 16 835 теңге айыппұл салынады.  


Жадыра Омаржан, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров