Астанада алданған үлескерлер мәселесі 3 жыл ішінде толық шешіледі – әкім

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елордада алданған үлескерлердің мәселесі 2022 жылға дейін толығымен шешіледі. Бүгін қала активімен өткен жиында Астана әкімі дәл осылай деді. Бұдан бөлек, жиында шаһардың алдағы уақытта әлеуметтік дамуы сөз етілді. Мәселен, жақын болашақта елордада 25 балабақша, 37 мектеп пен 15 денсаулық сақтау нысаны бой көтермек. Былтыр қабылданған 2019-2023 жылдарға арналған Астана қаласының жинақы құрылысы туралы кешенді жоспарын тілшіміз тыңдап қайтқан еді.

Бақыт Сұлтанов ең алдымен Астана қаласында 20 жылда орын алған өзгерістерді тізіп берді. Айтуынша, шаһар аумағы үш есеге ұлғайған. Бой көтерген тұрғын үй 19 есеге артты. Елордалық тұрғындардың саны болса, 4 есеге көбейген. 20 жылда Астанадағы орташа жалақы мөлшері де айтарлықтай өсіпті. Шаһар басшысының сөзінше, 1998 жылы 10 мыңға жетер жетпес болса, бүгінде 230 мың теңгені құрап отыр.

«Астана қаласындағы жұмыссыздық деңгейі төмендеген. Егер осыдан 20 жыл бұрын 12,8 пайызды құраса, бүгінде 4,5 пайызды құрап отыр. Бұл – бүкіл республика бойынша ең төменгі көрсеткіш», – деді Астана қаласының әкімі Бақыт СҰЛТАНОВ.

Елордада айтыла-айтыла әбден жауыр болған түйткілдің бірі – алданған үлескерлердің мәселесі екені анық. Белгілі болғаны, баспаналы боламын деп, санын соғып қалған адамдардың саны бүгінде 10 мыңнан асып жығылады екен. Жиында Астана әкімі ұзақ жылдан бері шешілмей келген проблема үш жылдан кейін толығымен жойылады деп сендірді.

«Шаһарда мұндай 29 нысан бар. 2022 жылға дейін проблемалы объектілердің құрылысын аяқтау бойынша Жол картасын дайындадық. Ол нақты экономикалық есептерге негізделген. Мәселе шешіліп, қала дамуына кері әсер ететін бұл түйткіл толығымен жойылады», – деді Бақыт СҰЛТАНОВ.

Астанада Жаңа жылдан бастап коммуналдық қызметтердің бірқатарының тарифтері арзандапты. Мәселен, электр қуатының құны 13 пайызға, сумен жабдықтау және су тарту 10 пайызға, жылумен қамтамасыз ету 9 пайызға, ал тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, жеделсаты және ПИК қызметтері 5 пайызға төмендетілген. Шаһар басшысы Астана қаласының жинақы құрылысы туралы кешенді жоспардың негізгі бағыттарына да тоқталды.

«Астаналықтарға тұрғын-үй коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында сумен жабдықтаудың 151 шақырымын, су бұру желісінің 81 шақырымын салуды көздеп отырмыз. Ал екінші жылу электр стансасын жаңарту арқылы 2-2,5 миллион шаршы метр тұрғын үй орталықтандырылған жылумен қамтылатын болады», – деді елорда әкімі.

Астана қаласының әкімі көлік инфрақұрылымы саласында болатын өзгерістерді де атап өтті. Анықталғандай, 2023 жылға дейін елордада 121 шақырым жол төселмек. Бұдан бөлек, екі жол айырығы, үш көпір, бір жерасты жолы салынып, үш жылдан кейін астаналықтар жеңіл рельсті көлікпен қатынайтын болады.


Салтанат Нысанбек, Жігер Бабаханов, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров