Көлеңкелі экономикадағы қаржы 2,5 млн халықты баспанамен қамтуға жетеді – экономист

Көлеңкелі экономикадағы қаржы 2,5 млн халықты баспанамен қамтуға жетеді – экономист
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанның көлеңкелі экономикасында жатқан 14 триллион теңгеге барлық үйсіз жүрген жұрттың жағдайын түзеуге болады. Сондықтан экономикалық сарапшылар сауда-саттықты картамен есеп айырысуға шақырады. Есесіне, жұмсаған қаражаттың көлеміне қарай, бонус алатыныңыз тағы бар.

Биыл алматылықтардың қолма-қолсыз ақша жұмсау деңгейі рекордтық көрсеткішке жетті. Банкоматтан қаржы шешіп, оны қажетіне жарататындардан қарағанда, электронды түрде төлем жасау 50 пайыздан асып түскен. Өзге өңірлерде бұл жағдай қалай екен?

Төлем картасы арқылы сауда-саттықты алматылықтар рекордтық көрсеткішке жеткізіп, қыздырып жатыр. Тамыз айындағы көрсеткіш бойынша 31 миллионнан астам қолма-қолсыз төлем жасалып, жалпы сомасы 338 миллиард теңгені құраған. Ал банкоматтан 278 миллиард 5 миллион теңгенің қаражатын шешіп алу үшін 4,9 миллион рет операция жүргізілген. Бұл төлем картасынан қарағанда 10 пайызға аз. Оңтүстік мегаполиспен кейін, Астана мен Ақмола облысы карта арқылы есеп айырысу жағынан үштікке кіріп отыр. Елордада қолма-қолсыз ақша айналымы 44, 5 миллиард теңгеге жетіпті. Ал Ақмола облысының көрсеткіші шамамен, 12 миллиард теңгенің төңірегінде болған.  

«Қазір банктер арасында өзара бәсекелестік артып жатыр. Қаржы институттары халыққа тиімді болатын түрлі карталарды шығарып, ұсынуда. Бонустар мен «кэшбэк» (Cashback) сервистер арқылы клиенттерді тартады. Сондай-ақ, интернет сауданың қарқыны да қолма-қолсыз төлем көлемін арттырып отыр. Банктік карталар шыққан кезден бастап, алғаш рет қолма-қол төлемді ығыстырып, картамен есеп айырысу деңгейі 50 пайыздан асып түсті. Өзге өңірлерді де осындай көрсеткішке жеткізсек, онда еліміз тез-ақ, толықтай қолма-қолсыз төлемге ауысты деуге болады. Былтыр Алматыда картамен есеп айырысу 180 миллиард теңгені құраған. Ал биыл бұл сан екі еселеніп отыр», – деді Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшысы Константин ПАК.  

Ал Алматыны есепке алмағанда, еліміздің өзге өңірлерінде тамыз айында 180 миллиард теңгенің қолма-қолсыз операциясы жүргізілген. Дәл осы айда ел тұрғындары 887 миллиард 5 миллион теңгені картадан шешіп алған. Экономистердің айтуынша, карта арқылы төлем жасап немесе интернет арқылы сауда-саттықты жүргізу, жұрттың қосымша қаржы табуына мүмкіндік беріп қана қоймай, көлеңкелі экономикадан қыруар қаржы шығаруға септеседі. Әйтсе де, республика бойынша экономикадағы ақша айналымының 26 пайызынан қазынаға бір тиын да қаражат түспейді екен.  

«Қазақстан экономикасында көлеңкелі экономика үлесі жалпы ішкі өнімге шаққанда, 26 пайызды құрайды. Егер есептеп қарайтын болсақ, 14 триллион теңге. Ол аз қаражат емес. Өткендегі Елбасы жолдауының өзінде бір үлкен әлеуметтік мәселелерді шешу үшін 1 трлн 200 млрд теңге қарастырылған. Ал көлеңкеде жүрген қаншама қаражатты жарыққа шығаратын болсақ, онда біз әлеуметтік көптеген мәселелерді шешуге болатынын айтқым келеді», – деді экономикалық сарапшы Мақсат ХАЛЫҚ.

Экономист Мақсат Халықтың есептеуінше, көлеңкелі экономикада жатқан 14 триллион теңгеге 2,5 млн халықты баспанамен қамтуға болады екен. Бұл қаражатты құрылыс компанияларына үй тұрғызу үшін жұмсаса, арнайы ипотекалық бағдарлама арқылы Қазақстанда үйсіз жүргендердің мәселесін толықтай түзеуге болады дейді. Сондықтан ел экономикасының жақсаруына көлеңкелі экономикада жатқан қаражатты шығару тікелей әсер етпек. Ал карта арқылы қаражатын басқаруға жүрексінетіндерге сарапшылар үйрейленбеуге шақырады. Өйткені, дүниежүзі бойынша қолма-қолсыз есеп айырысу жағынан Қазақстанда алаяқтық көрсеткіші 5 есе төмен. 

Әйкерім Ердәулетқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров