Алматыда мәслихат депутаттығына үміткерлер тұрғындар мәселесін шешуге уәде берді

Алматыда мәслихат депутаттығына үміткерлер тұрғындар мәселесін шешуге уәде берді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда мәслихат депутаттығына үміткер Михаил Грачев Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесті. Кандидат жоспарларымен бөлісіп, бағдарламасын таныстырды.

Сайлауға түсіп жатқан азамат 26 қазанға дейін 50-ге жуық жиын өткізуді жоспарлап отыр. Үміткер аудандағы көшелер мен жүргінші жолын жақсартамыз деп сендірді. Сонымен қатар, қоғамдық көліктердің аялдамасын жаңарту да жоспарында бар екен. Ауданда шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай жасауға ат салысамын деді кандидат.  

«Біз тұрғындармен күн сайын кездесуді жоспарлап отырмыз. Демалыс күндері бірнеше жерде жиын өткіземіз. Көбінесе, аулалардағы абаттандыру, ойын алаңдары, көшелердің ойық-шұңқыры сынды мәселелер қарастырылып жатыр. Тұрғындардың ұсыныстары міндетті түрде еленетін болады. Мен осы жауапты қызметке сайланған жағдайда округымыздың инфрақұрылымын жақсартуға ат салысамын. Сонымен қатар, мектепке баратын жолдарды жарықпен қамтамасыз ету жоспарымда бар», – деді Алматы қаласы мәслихат депутаттығына кандидат Михаил ГРАЧЕВ.  

Жетісу ауданындағы тұрғындар да балалар алаңының жоқтығын айтып, кәріз жүйелерінің нашар екенін қалалық мәслихат депутаттығына үміткер Асхат Шілікбаевқа жеткізді. Кандидат тұрғындардың ұсыныстарын қағаз бетіне түртіп алды.  

«Тұрғындарды көп мазалайтын сұрақтар – ауданның қауіпсіздігі, көшелерді жарықтандыру, әлеуметтік көмек. Мен осы мәселелердің шешу жолдарын қарастырамын. Ол мәселелер қазір бірден шешіліп кетпейді. Бірақ қаланы адамдарға ыңғайлы етіп дамыту үшін қолымыздан келгенін істейміз. Жетісу ауданын ілгерілету жолында талмай еңбек етемін. Менің сайлауалды бағдарламам 4 бағытқа негізделген. Олар: білім беру жүйесін дамыту, әлеуметтік бағдарлама, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселесі және қауіпсіз қала. Болашақта осы бағыттарда жұмыс істейміз», – деді Алматы қаласы мәслихат депутаттығына кандидат Асхат ШІЛІКБАЕВ.      


Новости партнеров