|
15.11.2018 | 16:45
2812

Энергетика министрі бензин тапшылығы туындауы мүмкін екенін айтты

Энергетика министрі бензин тапшылығы туындауы мүмкін екенін айтты

Елімізде бензин тапшылығы болуы мүмкін. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев жанармай тапшылығының туындауын жоққа шығармады. Министр елдегі құны әлдеқашан көтеріліп кеткен дизель отынының бағасын да арзандату керек деді. Қанат Бозымбаев жанар-жағармай материалдарының құнын қалыптастыру жөніндегі отырыста барлық жанармай құю бекеттеріндегі дизельді отынның бағасын қалыпқа келтіруге шақырды.

Ұзақ уақыттан бері көтеріліп кеткен дизельді отынның құны Энергетика министрін енді толғандыра бастаған секілді. Бозымбаевтың айтуынша, бағаның бас бермей кетуіне объективті және субъективті себептер әсер еткен. Яғни, сұйық отынның бұл түріне байланысты бағаны жанармай құю бекеттерінің басшылары сұраныс жоғары кезеңде шарықтатқан. Қымбаттатушылық әдеттегідей ауыл шаруашылығы өнімдерінің жиын-терімі кезінде орын алған. Десе де, акциздердің төмендеуіне байланысты дизельді отынның құнын қайта қарауға тура келеді.

«Қарашаның 1-інен бастап дизельдік отынға акциз төмендеген. Тоннасы 549 300 теңгеден 540 мың теңгеге дейін арзандап отыр. Сондықтан еліміздің барлық жанармай бекеттерінде дизельдік отынның бағасы арзандатылуы қажет. Бұл тек ірі жанармай жүйелеріне қатысты емес, барлық жанармай құю бекеттерінде іске асуы тиіс шара», – деді ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ.

Энергетика министрі Қазақстанда шыққан дизельдік отын мен бензиннің Ресей нарығына кетіп жатқанын да айтты. Қанат Бозымбаев тіпті, сұйық отынның елімізде тапшы болуы әбден мүмкін екенін де мәлімдеді. Себебі, көршілес мемлекетте жанар-жағармай материалдарының бағасы тағы да шарықтаған.

«Ресей Федерациясымен шекаралас аймақтарда дизельдік отын мен бензинді тұтыну мөлшері артқан. 3 миллион адам тұратын Түркістан облысы мен 800 мың адамы бар Қостанай және Батыс Қазақстанды салыстырып көрсек, соңғы екі облыста тұтыну бірнеше есе көп. Демек, жанармай іргелес нарықтағы Ресейге кетіп жатыр», – деді Қанат БОЗЫМБАЕВ.  

Түйткілді шешу үшін министр екі жолды ұсынды. Бірі – Қазақстанда қалыптасқан бағаны ұстап тұру. Бірақ бұл еліміздегі жанармай дефицитіне әкелуі мүмкін. Бұған Ресей нарығындағы бағаның тағы да шарықтап кетуі әсер етуі мүмкін. Сондықтан шекараны жіті қадағалау қажеттілігін баса айтты. Себебі, қазір бензин ірі жүк тасымалдаушы машиналармен шығарылуда  Ал мәселені шешудің екінші жолы – баға деңгейін Ресейдікіне сай өсіру. Алайда, бензиннің құнын 240 теңгеге дейін шарықтату – фантастика деп отыр.


Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир