Қарағандылық балуандар ақтық сында Алматы командасын қапыда қалдырды.
Конфедерация кубогінің финалдық бәсекесінде бас жүлдені жеңіп алған арқалық спортшылар 10 миллион теңгенің иегері атанды. Қазақ күресінен боз кілемде белдескен алматылық балуандар 5:3 есебімен есе жіберіп, екінші орын үшін тағайындалған 6 миллион теңгені ұтып алды. Кеше мәреге жеткен конфедерация кубогінде таэквондо, бокс, дзюдо сынды спорттың алты түрі бойынша еліміздің мықтылары анықталды. Әр спорт түрі бойынша жеңімпаз атанған командалар 10 миллион теңгеден алса, үшінші орны үшін 4 миллион теңге сыйақы тағайындалыпты.
«Қол тисе «бүк» деген ұпайды кіргізгеміз. Сол ұпайды кіргізгелі бері балуандарымыз тік тұрды. Әйтпесе, баяғыда күрес барысында еңкейіп немесе жатып алып, күресті тоқтатып қоятын. Енді міне, тік тұрып күресті. Сондықтан да күрестің қандай қызық болып жатқанын өздеріңіз көрдіңіздер. Түрлі қызықты әдістер қолданылуда. Бұл тек қазақ күресіне ғана тән әдістер. Екі команда да мықты шықты. Тек ұтылып қалғаннан кейін қазағымыздың «әттеген-айы» бітпейді ғой», – деп пікір білдірді қазақ күресінен төрешілер алқасының төрағасы Шалқар ЖОЛАМАНОВ.