|
28.11.2018 | 17:05
17286

Алматыда бірегей көне жәдігерлер көрмесі ашылды

Алматыда бірегей көне жәдігерлер көрмесі ашылды

Алматыда «Ұлы даланың жеті қыры» атты бірегей көрме ашылды. Көне жәдігерлер экспозициясы қойылған көрмеге келушілер елімізде көпшілік назарына алғаш рет ұсынылған ғұндардың бірегей алфавитін тамашалады. Көрмедегі ең құнды экспонат та осы. 136 әріптен тұратын алфавитті Қытай ғалымдары әртүрлі елде табылған  археологиялық олжалар негізінде қайта құрастырған.

Бұдан бөлек, көрермендер сәндік-қолданбалы өнер ескерткіштерінің көшірмелерімен, түрлі кезеңдегі археологиялық байлықтармен және көне түрік жазбаларымен  танысты. Атап айтқанда,  Күлтегіннің бейнелері, ежелгі Тоныкөк жазбалары және Аралтөбенің сармат дәуіріндегі «Алтын адам» бейнесі көпті қуантты.  

Экспонаттар қатарынан қазақ жерінен табылған 3 алтын адамның бірін көруге болады. Сондай-ақ, Шілікті және Жалаулы ескерткіштері маңынан шыққан сақ кезеңіндегі алтын стилдік бейнелері бар көптеген экспонаттар да көз қуантты.  

«Өзінің патшаларын алтынға орап қою – тек сақтарға ғана тән дәстүр. Сақтарға дейін де, сақтардан кейін де мұндай дәстүр болған жоқ. Сақтардың заманында түсті металлургия керемет дамыған. Түсті металлургияның технологиясы, оның құю технологиясы дамығаны соншалық, әшекей бұйымдар керемет көп болған. Ұлы даланың 7 қырының бірі – Ұлы дала апайтөсінде орналасқан қазақ жерінен табылған осы алтын адамдар», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің тарих, археология және этнология факультетінің профессоры Әбдеш ТӨЛЕУБАЕВ.

Жалпы, тарихи-көркем экспозиция үш бөліктен тұрады. «Ұлы даланың жеті қыры» көрме залында ежелгі заманның тарихы көрсетілсе, «Алаш мұраты» атты келесі залда ХХ ғасыр басындағы қазақ тарихы паш етіледі. Онда тәуелсіздік үшін құрбан болған арыстардың ескерткіштері мен олардың құнды еңбектері ұсынылған. Ал «Мәңгілік Ел» атты залда тәуелсіздікке  қол жеткізу жолындағы заманауи шындықтар келтірілген.

Аталмыш көрме әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында жұмыс істеп тұр. Құнды жәдігерлерді тамашалағысы келетіндер үшін есік ашық.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир