Цирк, көрме, театр: Алматыда алдағы демалыс күндері қайда баруға болады?

Цирк, көрме, театр: Алматыда алдағы демалыс күндері қайда баруға болады?
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үлкен Новосібір циркі Алматыда! Әртістер бұрын-соңды болмаған шоуды көрсетпек. Алматылықтар мен қала қонақтары қандай концерт, қойылым және көрмелерді тамашалай алады?

Үлкен Новосібір циркі «Жыртқыштар эволюциясы» бағдарламасын алып келген. Әуеде оп-оңай қалықтайтын акробаттар да қалың көрерменді таңғалдырмақ. Олар бірнеше метр биіктікке бір жіппен ғана көтеріліп, түрлі трюктер орындайды. Әртістер өздерімен бірге үлкен акробат ит пен көлікте жүре алатын маймылдарды да алып келген. Одан бөлек, қара қабыландар шоуы көрсетілмек. Ал күлегеш клоундар ішек-сілені қатыратын бағдарлама дайындап отыр.

«Шоу-бағдарламада жалпы, 60 үйретілген жануар мен Ресейдің еңбек сіңірген әртістері өз өнерін көрсетеді. Қойылым 2,5 сағатқа созылады. Жануар түрі өте көп. Олардың арасында бенгал мысықтары, орангутан, пони, Мадагаскар лемуры бар. Қазақстанда шоу бағдарламаны алғаш рет қоймақпыз», – деді ұйымдастырушы Александр КОНДЮЛЕВ.

Алматыда бейнелеу өнеріндегі кескіндеме туындыларымен танылған ерекше тұлға, суретші Сабыр Мәмбеевтің 90 жылдығына орай көрме ашылды. Кең даланың, жайлаудағы табиғаттың көркін, тұрмыс-тіршіліктің көрінісін ұлттық нақышпен үйлестірген қылқалам шеберінің еңбектері Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайына қойылған.

«Бұл көрмеге суретшінің 80-ге тарта жұмысы қойылған. Бұл көрменің басқа көрмелерден ерекшелігі, бұған дейін еш жерде қойылмаған жұмыстары қойылып отыр. Өмірінің соңына таман жазылған шығармалары қойылған», – деді Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің ғылыми қызметкері Гүлнұр ЖҰБАНОВА.

Суретшінің шығармалары түстердің үндестігімен ерекшеленеді. Оның бірнеше картиналары Мәскеудің Третьяков галареясы мен Шығыс өнері музейінде сақтаулы тұр екен.

«2018 жылдың шілде айларында Еуропа мен Нью-Йорк қиылысында атты екі елдің татулық, бірлестіктегі көрме өтеді. Сол көрмеге экспозициялауға Сабыр Мәмбеевтің екі туындысы қойылған. Оның ішінде, «Кестеші қыз» және «Шопанның қызы» атты 1970-71 жылдары салынған жұмыстары қойылған. Сондықтан 20-шы ғасырдың жауһарларында енетін Сабыр Мәмбеев туындыларын тілге негіз қылып айтуымызға болады», – дейді Гүлнұр ЖҰБАНОВА.

Ал рухани азық аламын деушілер Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына баруына болады. Демалыс күндері онда 2/1 актілі операның тұсауы кесілмек.

Жексенбі күні Республика сарайында әнші Қайрат Нұртастың концерті өтеді. «Нағыз еркек» атты ән кешінде өзге де эстарада жұлдыздары ән шырқайды деп күтілуде.  Концерт кешкі сағат 19:30-да басталады.


Перизат Көмекбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров