Алматыда салық органының жылжымалы кеңселері жұмыс істей бастады

Алматыда салық органының жылжымалы кеңселері жұмыс істей бастады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда қалалық Мемлекеттік кірістер департаменті «Мобильді кеңсе» жобасын іске қосты. Онда кәсіпкерлер салықшылардан тегін кеңес алып, кәсібін заңдастырып, онлайн кассалық аппаратын тіркеуге мүмкіндік бар. Айта кетейік, қазіргі таңда қаладағы 58 базарда 15 мыңнан астам азамат кәсіп жасап отыр. Олардың 10 мыңына жуығы кассалық аппарат қоймаған.  

Бұл қаладағы ең ірі базарлардың бірі. Мұнда мыңдаған кәсіпкер кәсібін дөңгелетіп отыр. Олардың ыңғайлылығы үшін бүгіннен бастап мынадай жылжымалы мобильді кеңселер іске қосылды. Бұл жерде олар үшін түрлі мемлекеттік қызметтер көрсетіледі.

Маметжан Итаков осыдан екі апта бұрын онлайн кассалық аппарат сатып алған. Алайда, салық органына барып тіркеп үлгермепті. Кәсіпкер қалада жұмысын бастаған арнайы кеңседе оны заңдастыруға мүмкіндік алды.

«Жеке кәсіпкерлерге жеңілдік болды. Салық органына бармай-ақ, осы жұмысқа жылжымалы «Мобильді кеңсе» келіп, түгел кассалық аппараттарды, құжаттарды әкеліп, тіркеп, содан кейін бәрін түсіндіріп берді», – деді кәсіпкер Маметжан ИТАКОВ.

Алып шаһардағы базарларда 15 мыңнан астам кәсіпкер қызмет етіп жатыр. Соның 10 мыңға жуығы онлайн кассалық аппаратын пайдаланбайды. Себебі, 4 мыңнан астамы патент бойынша жұмыс істейді. Келесі жылдың 1 қаңтарына дейін оны орнатпаған жағдайда 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 36 мың теңге айыппұл салынады.

«Алматы қаласы әкімдігімен бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілді. Соның ішінде, жергілікті бюджеттен қаражаттар бөлінді. 3 автокөлігі шағын автобусы беріліп жатыр. Олар бірінші кезекте Алатау мен Жетісу аудандарында орналасады», – деді Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы басқармасы бөлімінің басшысы Айжан БЕКЕЕВА.

Онлайн кассалық аппараттары чектегі барлық ақпараттарды автоматты түрде салық органының деректер қорына жіберіп тұрады. Нәтижесінде, кәсіпкердің төлейтін міндетті салық мөлшері есептеледі.

«Бұрын есепті салық органына өткізетін едік. Енді қазір барлығы онлайн режимде жүреді. Қағаз құжаттарды толтырудың қажеті жоқ. Осы оңай болды», – дейді кәсіпкер Маметжан ИТАКОВ.

«Бақылау кассалық аппаратында фискалды жады болатын. Машина істен шыққан жағдайда, ұрланып немесе жоғалып кетсе, сақталған деректер қалпына келтірілмейтін. Ал онлайн кассалық аппаратының артықшылығы, оның фискалды жадымен қоса, «Қазақтелеком» компаниясы жүйесінде жеке кабинеті болады. Сол арқылы барлығын қалпына келтіре аласыз. Оған қоса, кәсіпкерді тіркеуден шығарып, салық есебін тапсыруға мүмкіндік бар», – деді кассалық аппараттар бойынша қызмет көрсететін компания басшысы Мадина КУБАЛДИЕВА.

Қазір қалада 58 базар жұмыс істейді. Оның басым бөлігі Алатау және Жетісу ауданында шоғырланған. Мұндай «Мобильді кеңсе» қажеттілік бойынша қалған сауда орындарына да шығатын болады.


Перизат Көмекбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров