Алматыда Алатау ауданының 10 жылдық мерейтойы аталып өтті

Алматыда Алатау ауданының 10 жылдық мерейтойы аталып өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Алатау ауданының 10 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Мерейтой «Алатау» дәстүрлі өнер театрында ұйымдастырылды. Мерекелік шараға ауданның тұрғындары тайлы-тұяғы қалмай келген. Атаулы датада арнайы концерт қойылып, эстрада жұлдыздары өнерлерін паш етті. Ауқымды кешке қала әкімі Бауыржан Байбек те келіп, тұрғындарды мерейтоймен құттықтады.

Алатау ауданының 10 жылдығы ауқымды түрде ұйымдастырылған. Алдымен «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдында қөлөнершілер туындыларын көрмеге қойып, әншілер сахнада өнер көрсетті. Ғимарат сыртында қала күніне арналып тігілген құрақ көрпені де байқауға болады. Қала әкімі Бауыржан Байбек тұрғындарды мерей тоймен құттықтап, Алатау ауданы – Алматының дамуына жаңа серпін беретін аудан екенін жеткізді.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қаламызға әр іссапары барысында арнайы ат басын бұратын Алатау ауданы келешекте индустриалды орталыққа, Алматының қуатты ауданына айналары сөзсіз. Баршаңызды ауданның 10 жылдық мерейлі мерекесімен тағы да құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, зор денсаулық, бақыт пен береке, меркелік көңіл күй тілеймін!», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Осы күні Алатау ауданында 255 мыңнан аса тұрғын өмір сүріп жатыр. Бюджет есебінен ауданға 430 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, 20 мыңнан көп жұмыс орны ашылған. Қазір тұрғындардың орташа жалақысы 60 пен 160 мың теңге аралығында. Сонымен қатар, мұнда 223 шақырым электр желісі, 276 шақырым магистралды газ, 406 шақырым ауыз су және 198 шақырым кәріз құбырлары тартылған. Сондай-ақ, 93 шақырым жол, 3 жол айрығы және 15 аспалы жүргіншілер көпірі салынды. Бұл жұмыстар қаламызға жаңадан қосылған аудандарға ерекше көңіл бөлініп, қолдау көрсетіліп жатқандықтың жарқын көрінісі деді Бауыржан Байбек.   

«Он жылда ауданда 2,7 млн шаршы метрді құрайтын көпқабатты үйлер салынды. Сондай-ақ, биылғы жылы 600 орындық мектеп пен 880 орынға 4 балабақша пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, алдағы жылдары 350 орындық аурухана, әрқайсысы күніне 200 адам қабылдай алатын 2 емхана және бірқатар шағын аудандарда балабақшалар салу көзделген», – деді Бауыржан БАЙБЕК.

Ауданда 12 мектеп, 12 мемлекеттік және 86 жеке балабақша, 5 мемлекеттік және 7 жеке денсаулық сақтау мекемесі ашылып, бірнеше мәдени-спорттық нысандар бой көтерді. Атап айтқанда, ауданның мерей тойы өтіп жатқан «Алатау» дәстүрлі өнер театры, мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы және «Қолөнер шеберлері» орталығы сияқты мәдениет ошақтары жұмыс істеп тұр. Ауданның қарыштап дамып жатқанына тұрғындар да дән риза.

Мерейтойға жиналған тұрғындардың бірі: «Ауданымыз 10 жылда көп өзгерді. Қаншама тұрғын үйлер салынды. Қаншама халық тұрғын үйге ие болып қуанып жатыр. «Алатау» дәстүрлі өнер театры салынды», деп ризалығын білдірсе, енді бірі: «Жылдан жылға бұл аудан өзі қатты өзгеріп келе жатыр. Индустриалды аймаққа айналуда. Жақсы өнеркәсіп орындары осында орын теуіп жатыр», – деп, аудан жетістіктерін атап өтті.

Елбасының индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде ауданда 490 гектар аумақта Индустрияды аймақ қалыптасты. Бүгінгі күні 4 кәсіпорын іске қосылып, тағы 10 кәсіпорынның құрылысы жүргізілуде. Мұнда бірлескен инвестициялық ауқымды өндіріс орындары, оның ішінде, ағымдағы жылғы қыркүйек айында Мемлекет басшысы арнайы барып танысқан,жоғары технологиялы кабель өнімдерін шығаратын зауыт, габион торын жасайтын жапондық зауыт және италияндық технологиямен Қоқыс сұрыптау кешені ашылды. Сондай-ақ алдағы уақытта химия, жиһаз, көлік, дәрі-дәрмек, тағам және тағы басқа кәсіпорындар құрылысы жоспарланған.

Өмір Әнуарбек, Перизат Көмекбайқызы, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров