|
04.12.2018 | 17:05
9882

Алматыда ПИК шатырдағы мұзды тазалау үшін тұрғындардан ақша талап еткен

Алматыда ПИК шатырдағы мұзды тазалау үшін тұрғындардан ақша талап еткен

Алматыда биік нысандардың шатырынан мұз құлап, қауіп төндіріп жатыр. Тіпті, қатқан мұздың ұзындығы бір метрге жуықтап қалған. Ал үйлердің төбесіндегі мұзды тазалау үшін Пәтер иелері коперативі тұрғындардан ақша талап еткен. Арнамызға осылай деп хабарласқан Әуезов ауданының тұрғындары мұның қаншалықты заңды екенін білмей дал. Алайда, жергілікті билік мәселенің ақ-қарасын ашып айта алмай отыр.  

Арнамызға көрермендер осындай хат жолдады. Айтуларынша, аулаға жаппай ілінген хабарландыруда алып мұздарды тазалау ақылы деп көрсетіліпті. Бағасы да белгілі. Бұл жағдайдан Пәтер иелері кооперативі де хабардар болып шықты. Ал мәселенің анық-қанығын ПИК-те істейтіндер былай түсіндірді. Бір қызығы, қызмет көрсетуші ұйым жазғандарын жоққа шығармады.

«Біздің ондай хабарландыруды жазғанымыз рас. Яғни, егер қажеттілік блып жатса, мұз тазалайтын адамдарды шақыртамыз, ал түсірілген мұздың әр шаршы метріне 200 теңгеден жинамақпыз. Мұз тазалайтын компаниямен солай келісімге отырғанбыз. Бұл олардың өзі қойған баға», – дейді ПИК өкілдері.  

Пәтер иелері кооперативі хабарландырудың ықшамаудан тұрғындары арасында қызу талқыға түскенін айтады. Сондықтан мәтінін өзгертуге тура келіпті. Енді ПИК басшылары шатырға қатқан мұзды жоғары қабатта тұратындарға тазалауға жүктепті.

«Біз неге шатырға шығуға тиіспіз? Немесе қалайша жұмыскерге шық деп бұйрық бере аламын. Ол үшін мен басыммен жауап беремін ғой кейін. Ал тұрғындардың өздері  мұзды алып тастауға ерінеді. Ол үшін ақша да төлегісі келмейді. Сонда ПИК оның бәріне ақшаны қайдан алуы керек?», – деп өз дәйектерін алға тартты ПИК өкілдері.      

Ал Әуезов ауданындағы көпқабатты үйлердің тұрғындары коммуналдық түбіртектегі жаңа қызметті төлеуге қарсы. Қатқан мұздың қауіпті екенін халық жақсы түсінсе де, қаражат шығаруға құлықсыз.

Тұрғындардың бірі: «Менің ойымша, оны коммуналдық қызмет тазалауы керек. Бұл мәселемен тұрғындар айныласпағаны дұрыс. Бұл біздің қауіпсіздігіміз, әрине. Бірақ қызмет етуші ұйымдардың тікелей міндеті емес пе?», – деп наразылық танытса, енді бірі: «Әр ай сайын не үшін ақы төлеп жүрміз? Жөндеуге деп жинап алады да, оны жасамайды. Қысқы мерзімге деп мақсатты жиналған қаржыдан ақша бөлген болар. Біз жиналып, төлемейтінімізді жиналыста айтамыз. Қарсымыз», – деп кейістік танытты.

Алматыдағы биік нысандардың шатырына қатқан мұздар ара-тұра құлап, жүргіншілерге қауіп төндіруде. Бұл барлық аудандағы мәселе. Бар-жоғы, 3 күннің ішінде Әуезов ауданындағы ПИК-терге 2 ескертпе жасалып, оған қоса, сомасы 400 мың теңге болатын 9 хаттама толтырылыпты. Жергілікті әкімдік халықтың қауіпсіздігі үшін кімнің қаржы шығаруы керек екенін нақты ашып айта алмады.

«Тұрғын үй қатынастары жайлы заңда қатқан мұзды тазалау, арнайы мамандарды шақыру сынды қосымша қызметтер ақысы ортақ жиналыста талқыланады. Кейбірінде жұмыстар қосылған. Ал басқа Пәтер иелері кооперативі бұл үшін ақы алады. Тіпті, кейбір ПИК-тер әу бастан қосымша қызметтер етіп бекіткен», – деді Алматы қаласы Әуезов ауданы Коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Азат КӘКЕТАЕВ.

Ал заңгерлердің айтуынша, бұл қызметке тікелей Пәтер иелері кооперативі жауапты. Халықтан қаржы сұрау заңсыз деген пікірде. Айта кетейік, Әуезов ауданында 1700-ге жуық тұрғын үйге 200-ден аса Пәтер иелері кооперативі қызмет көрсетеді. Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта ПИК-тердің жұмысы көңіл көншітпейтін көрінеді. Ал 2-шағынауданда туындағын мәселенің қалай шешімін табары белгісіз.


Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир