|
04.12.2018 | 17:12
5388

Алматыда коммуналдық қызмет ақысын төлемеген коттедждер ауыз судан ажыратыла бастады

Алматыда коммуналдық қызмет ақысын төлемеген коттедждер ауыз судан ажыратыла бастады

Алматының ауқатты адамдары коммуналдық қызметке ақы төлегісі жоқ. Алатаудың бөктеріне жағалай салынған қымбат коттедждердің иелері ақы төлемек түгілі, су құбырларын көшеден заңсыз бұрып, үйлеріне қосып алған. Ал қамалмен қоршалып, камерамен жарақталған байлардың зәулім сарайына «Алматы Судың» қызметкерлері кіре алмайды.  

Алыстан айбарлы көрінетін алып сарайдың айналасы камерамен қоса, күзетпен бақыланады. Кез келген жанның қолы жетпейтін зәулім сарайдың күтушісі иесіне сенді ме, әлде қожайынына «адалдығын» көрсеткісі келді ме, қарызды қайтар деп келген бір топ адамға жұдырық ала жүгірді. «Алматы Су» мекемесі өкілдерінің айтуынша, бұл мекеннің тұрғындары суды сұраусыз қолданып келеді.  

«Юбилейный ауылы, Оңдасынова көшесі, 47 үй. Үй иесі Қасенов Пернебек. Бір жылдан жоғары үйіне кіріп, есептегіш көрсеткішін ала алмай жүрміз. Қарыздары бар», – деді «Алматы Су» МКК бақылаушысы Гүлзада ТЫНЫСБАЕВА.

Алатаудың бөктеріндегі ауасы таза, шыршалы орманның ішіндегі ауқаттылардың ауданында коммуналдық қызмет ақысын қайтаруды керек қылмайтын жандар көп.  Өмір сүру салты өзгеше 400-жүзден астам «ерке» қожайын суды рұқсатыз, өз беттерінше, заңсыз қосып алған дейді.

Суды сұраусыз ішіп, ақы төлегісі келмейтін, талапты тыңдамайтын байлардың бірі – тағы бір зәулім сарайдың иесі. Оның «Алматы Су» мекемесі алдындағы қарызы 168 мың теңгеден  асып кеткен. Бірақ дәл осындай қарызы бар қай коттедж, қай виллаға барсаңыз да, алдыңнан үйдің қожайыны емес, оның күтуші қызметкерлері шығады. Ал байлардың қол астында жалданып күн көретін жұмысшылардың айтатын бір ғана сылтауы – қожайын коммуналдық қызмет үшін ақы бермейді.

Алматы көлемінде 3 мыңға жуық үйдің иесі рұқсатсыз су құбырын қосып алса, олардың 2 мыңға жуығының заңсыз әрекетін мамандар сотқа жолдаған. Жалпыға ортақ талапты тыңдамайтын тұрғындар әсіресе, Медеу ауданында көп. Ескертуді елемеген еркетотайлардан жалыққан «Алматы Су» компаниясының инспекторлары коттеждге баратын судың құбырларын шетінен бітеп жатыр.  

«Қиындығы сол, есіктерін ашпайды. Көрсеткіштерін жылдап көрсетпейді. Ауыз суға да, кәріз суға да төлемейді. Өз бетімен суға қосылған азаматтарға құбырдың қалыңдығына байланысты, ең жіңішке құбыр 15 мм болса, 151 мың теңге айыппұл салынады», – деді «Алматы Су» МКК бас маманы Нұрлан БОПАЗОВ.  

Кәріз қызметі мен ауыз суға деген қала халқының қарыз көлемі жыл басында 300 миллион теңгеден асса, қазір қалған ақша әртүрлі әдістердің нәтижесінде 90 миллион теңгеге дейін қысқарған.  Ал қарыздан тыс, ауыз суға рұқсат алуды керек қылмайтын ауқаттылардың саны бір мыңнан асады.


Әмірболат Құсайынұлы, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы    


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир