Денис Тен өліміне қатысты сот: күдіктілер тағылған айыптармен келіспей отыр

Денис Тен өліміне қатысты сот: күдіктілер тағылған айыптармен келіспей отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Денис Теннің өліміне қатысты сот процесі сенсациялық мәлімдемемен басталды. Жәбірленуші тарап атақты спортшыны бәзбіреулер тапсырыспен, қасақана өлтірген дейді. Сондықтан істі қайта тергеуді сұрады. Қоғамда үлкен резонанс тудырған қылмысқа күдіктілер де тағылған айыптармен келіспей отыр.

Осы жылдың ең ауыр қайғысы атанған Денис Тен өліміне қатысты тергеу аяқталып, соттың алдын ала тыңдалымы басталды. Сот отырысына спортшының әке-шешесі мен туған-туыстары, жалпы, 100-ге жуық адам қатысты. Ал күдіктілердің ешқайсының жақындары төбе көрсетпеді. Айыпталушылар орындығында 3 адам отыр. Олар: Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясов және Жанар Толыбаева. Сотталушылар бет-жүзін көрсетуге ұялды ма, әйтеуір, судьядан өздерін камераға түсіртпеуді өтінді.

«Кімді түсіруге қарсысыз? Сізді ме, жоқ, жалпы сот мәжілісін бе?» деген тілшілер сұрағына күдіктілер: «Сот мәжілісін» деп жауап берді.

Дегенмен, судья соттың ашық режимде өтетінін алға тартып, тілшілердің бұдан кейінгі процестерге де қатысатынын қадап айтты. Күдіктілердің екеуі қарақшылық жасап, алдын ала сөз байласу арқылы Денис Тенді өлтіргені үшін айыпталса, Жанар Толыбаева «Қылмысты хабарламау» бабы бойынша күдікке ілінген. Бұдан бөлек, үшеуіне де өзара келісіп «ұрлық жасады» деген айып тағылған.

«Толыбаева қылмыс туралы хабарламау, яғни жасалғаны анық белгілі, аса ауыр қылмыс туралы хабарламағаны үшін ҚР Қылмыстық Кодексінің 434-бабымен көрсетілген қылмыс жасаған деп айып тағылып отыр», – деді мемлекеттік айыптаушы Қуандық ДОСОВ.

Сотталушылардың қорғаушылары тағылған айыптармен келіспей отыр. Олар Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергенов алдын ала сөз байласу арқылы адамды қасақана өлтірген жоқ деді. Екеуінің бар мақсаты – тек ұрлық жасап, көліктегі айнаны шешіп әкету болған-мыс. Ал Толыбаева тіпті, қасындағы қос жігіттің ұрлыққа оқталғанынан мүлдем бейхабар болған көрінеді. Қиясов пен Құдайбергеновтің көліктегі айнаға қол салғанын көргенде, келіншек бірден ізін суытыпты. Есесіне, сол маңайда көлік ішінде отырған қос полицей Денис Тен мен Арман Құдайбергеновтің арасындағы төбелесті көріпті. Бірақ екеуін ажыратуға асықпаған.

«Осы іс бойынша милиция қызметкері Нұрпейісов дейтін азамат екеуінің төбелесіп жатқанын көрген. Егер ол ажыратып, араша түскенде мұндай қылмыс болмайтын еді ғой. Милиция қызметкері Құдайбергеновтің Денистің қасына барғанын, екеуінің жанжалдасып тұрғанын көрген ғой. Сонда да ешқандай шара қолданбаған. Бәленің бәрі сонда болып тұр ғой», – деп мәлімдеді күдікті Ж.Толыбаеваның қорғаушысы Амангелді САРИЕВ.

Адвокат Сариевтің сөзінше, немқұрайлық танытқан полицейлер жұмыстарынан қуылыпты. Қазір олардың өздері тергеуге алынып жатқан көрінеді. Болашақта аталған қос полицей де процеске куәгер ретінде шақыртылуы мүмкін екен. Осы тұста жәбірленуші тарап істі прокуратуға қосымша тергеуге жіберуді сұрады. Олардың айтуынша, Денисті бәзбіреулер тапсырыспен, қасақана өлтірген.

«Тергеу материалдарымен танысқанымызда қарама-қайшылықтардың көп екенін байқадық. Біз қылмыс «тапсырыспен жасалды» деп есептейміз. Сондықтан күдіктілердің сыбайластарының саны әлі де көп болуы мүмкін. Әрі процессуалдық заң бұзылды деп санаймыз. Бұған қоса, сотқа Арман Құдайбергенов жасаған ұрлықтан зардап шеккен астаналық тұрғындар Шамшиев пен Жақабаевты да шақыртуды сұраймыз», – деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Нұрлан ӨСТЕМІРОВ.

Айта кетсек, бұрын сотты болған Арман Құдайбергенов Денис Тенді өлтірмес бұрын Астана қаласында да айна ұрлығымен қолға түскен. Бірақ полицейлер босатып жіберіп, арты осындай қайғылы оқиғаға әкеліп соққан. Ал қалған қос күдікті бұрын сотты болмаған. Төрт жасар баласы бар Жанар Толыбаева қазір екіншісіне жүкті екен.

«Бір пәтер жалдап тұрған. Құдайбергеновтен аяғы ауыр. Сенген ғой енді, сондықтан жақын қарым-қатынаста болған. Оның үстіне, бұрын ажырасқан. Сондықтан өзінің өмірде жолын табайын деп осы азаматпен кездескен», – деді күдікті Ж.Толыбаеваның қорғаушысы Амангелді САРИЕВ.

Қос тараптың талап-тілегін мұқият тыңдаған судья жәбірленушілердің істі қосымша тергеуге жіберу туралы өтінішін қараусыз қалдырды. Бірақ алдағы процестер кезінде Арман Құдайбергеновке тоналған Астана тұрғындарын жәбірленуші ретінде шақыруды құптады. Соттың ендігі басты талқысы 3 қаңтарға жоспарланып отыр.

Еске сала кетсек, қанды оқиға 19 шілде күні болған. Денис Тен көлігінің айнасын ұрламақ болғандарды тоқтатпақ болғанда, ұрылардың қолындағы пышақтан жарақаттанады. Алайда, көп қан жоғалтқан спортшы сол күні кешке қайтыс болған еді.


Айдана Мейрамбайқызы, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров