Қытайда дәрігерге қаралған әйел өзінің биологиялық жынысының ер екенін білді. Бұл туралы Asia One порталы жазды, деп хабарлайды Sputniknews.kz.
Жағдай Хунань провинциясында болды. 26 жастағы қытайлық әйел бір жыл бұрын тұрмысқа шықса да, сәби сүйе алмай жүргенін айтады. Гинеколог маман оны тексеріп, жынысына байланысты толықтай әйел дей алмайтынын жеткізеді.
Әйел андрогендерді сезіне алмау синдромына шалдыққан болуы мүмкін. Яғни, сырт келбеті нәзік, омырауы мен қынабы бар. Бірақ жатыры мен аналық жыныс безі жоқ. Ағзасында Y-хромосомасы кездесетіндіктен, бұл әйел биологиялық жынысы бойынша ер адам.
Мұндай адамдар өздерін әйел ретінде де, ер адам ретінде де таныстыра алады. БҰҰ адам құқықтары бойынша жоғары комиссар басқармасының анықтауынша, интержыныс дегеніміз қалыптан тыс жыныс мүшесінің немесе хромосоманың болуын білдіреді. БҰҰ есебі бойынша, жер бетінде жыл сайын 1,7% сәби осындай ерекшелікпен дүниеге келеді.