10 айда 700 заңбұзушылық: Ақмола облысында браконьерлер саны азаймай тұр

10 айда 700 заңбұзушылық: Ақмола облысында браконьерлер саны азаймай тұр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақмола облысында балық аулаған браконьерлер қолға түсті. Олар заңда қарастырылған бес қармақтың орнына оннан қойып, сәйкесінше, заң бұзған. Бұдан бөлек, балықты рұқсат етілмеген жерден аулаған. Әрқайсының үстінен әкімшілік іс қозғалып, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.  

Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы осылайша бақылау-қадағалау жұмыстарын күшейтіп отыр. Кезекті рейдтік тексеру шарасы кезінде олардың қолына 4 браконьер түскен. Солардың бірі – Василий Низалов. Балық аулауға досы екеуі алғаш рет шыққан олар «заңды білместіктен бұздық» дейді.  

«Шынын айтсақ, мен де, досым да адам басына бес қармақтан ғана қою қажет дегенді білмедік. Сондықтан оннан қойдық. Осы үшін бізді айыппұлмен жазалап отыр», – дейді Василий НИЗАЛОВ.

Осылайша, Василийге қатысты әкімшілік іс қозғалып, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Оны бес күннің ішінде төлеген жағдайда 50 пайыздық жеңілдік жасалады дейді инспекция мамандары. Рейдтік шараның барысында кей балықшылардың балық аулауға қажетті кәдімгі жолдаманы рәсімдемегені мәлім болды.

Балықты рұқсат етілмеген орындарда ауламақ болғандар да кездесті. Барлығы келісіп алғандай, «заңды білмедік» дейді. Анықталғандай, биылғы 10 айда осы тектес мың 374 рейдтік шара жүргізілген. Олардың барысында 700-ге жуық заңбұзушылық анықталған.

«658 заңбұзушылық анықталды. Оның 268-і орман шаруашылығы, 273-і балық шаруашылығы, 117 заңбұзушылық аң шаруашылығы бойынша анықталды. Сотқа өткізілген 14 материал бар. Олардың 12-сі балық шаруашылығы бойынша, екеуі орман шаруашылығы бойынша өткізілді», – деді Ақмола облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Мұхит РАМАЗАНОВ.

Инспекция мамандарының айтуынша, елорда аумағында браконьерлікпен айналысып келгендердің қатары сирегенді қойып, күн сайын артып келе жатқан көрінеді. Табиғатқа айтарлықтай залал келтіргендерді жазалау үшін биыл 54 қылмыстық іс қозғалған. Дегенмен, браконерьлермен күрес жыл бойы жасала бермек.  


Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров