Алматыда BRT желісіндегі аялдамаларда электронды таблолар пайда болды. Онлайн құрылғылар қаладағы 4 аялдамаға орнатылған. Бүгіннен бастап іске қосылған таблоның жұмысымен қала әкімі Бауыржан Байбек танысты.
Цифрлы құрылғыда қоғамдық көліктің бағыт нөмірлері көрсетіледі. Және автобустардың аялдамаға қашан келетіні туралы ақпарат жазылған. Сондай-ақ, тұрғындар төтенше жағдай кезінде таблодағы арнайы батырманы басу арқылы 112 қызметімен байланыса алады. Айта кетсек, жоба жеке кәсіпкерлердің қаржы есебінен іске қосылды.
«Бір таблоның бағасы орта есеппен 1 млн 200 мың теңге аралығында. Қондырғы жеке инвесторлардың қаржысына қойылды. Таблолар әзірге тестілік режимде жұмыс істейді, тиімділігін көрсетсе, болашақта олардың санын арттыруды көздеп отырмыз. Жолаушылар үшін онлайн қондырғы өте ыңғайлы. Аялдамада бір автобусты тосып тұрмай, келесі жақын қалған бағыттағы көлікке мініп кетсе болады», – деді «Алматы қаласының көлік холдингі» ЖШС директоры Садир ХАМРАЕВ.
Бұдан бөлек шаһар басшысы Бауыржан Байбек жұмыс сапары кезінде жаңадан алынған 32 бірлік автобустың сапасын көрді. Мегаполистің шет аймақтарын орталықпен байланыстыратын бұл көліктерді жеке тасымалдаушылар сатып алған. Мәселен, «Мадина» автопаркі №72 бағыттағы автобустарын түгел жаңартыпты. Енді бұл бағытта төмен еденді 12 автобус жүреді. Қоғамдық көлік барша жолаушыларға ыңғайлы. Едені төмен түсірілетіндіктен, әсіресе қарттардың кіріп-шығуына оңай болмақ.
Одан бөлек, әбден ескірген №13 бағыттағы автобустардың орнына су жаңа 20 көлік жолға шығады. Қала әкімі Алматының автопарктерін жаңарту басты міндет екенін алға тартты. Соңғы 3 жылда тасымалдаушылар 1100-ден астам жаңа автобус алған. Ал сапалы қызмет көрсетуден бас тартқандар субсидиядан қағылған. Тек 9 ай ішінде қозғалыс жиілігін сақтамаған автопарк иелері 330 млн теңге субсидиядан айырылыпты.