Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Алматы қаласы мәслихатының келісімімен Алмалы ауданының әкімі болып Бекқали Торғаев тағайындалды. Өз кезегінде, Алтай Рахымбетов Бостандық ауданының әкімі атанды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы әкімдігінде оларды таныстыру барысында қала әкімі Бауыржан Байбек аудандарға жаңа тағайындалған әкімдердің қызметтік өсу жолдарында барлық сатылардан өткендерін және қала проблемаларын жақсы білетіндерін атап өтті. Олардың алдына принципті және тұрақты қадағалауды талап ететін бірінші кезектегі міндеттер қойылды.
«Аудандардың жаңа әкімдері абаттандыру, жасылдандыру жұмыстарын одан ары жалғастыруға, көшелерді жөндеуге, ғимараттардың архитектуралық келбеттеріне айрықша назар аударғандары жөн. ТҮКШ-ті модернизациялау аясында үйлерді жөндеуді жалғастырып, «Ескі тұрғын үй» бағдарламасын мықтап қолға алулары тиіс», – деді қала әкімі.
Аудан әкімдеріне Білім және Денсаулық сақтау басқармаларымен бірігіп, мектептердегі оқушы орындарының жетіспеуі мен емханалардағы сырқаттар тығыздығы мәселесін шешу тапсырылды.
Айта кетерлігі, Алмалы ауданының жаңа әкімі Бекқали Торғаев 5 жылдан астам уақыт Әуезов ауданында осы қызметті атқарды. 2015 жылдың ақпанынан бастап Бостандық ауданының әкімі атанды.
Үш жыл ішінде ауданда салық түсімі 22%-ға, шағын және орта кәсіпорындар саны 12%-ға, негізгі капитал инвестициясы 28%-ға артты. 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орднары ашылды. 1,3 млн шаршы метр тұрғын үй іске қосылды, аулалардың 47%-ы, жерасты өтпелі жолдардың барлығы жөнделді.
Өз кезегінде, Бостандық ауданының жаңа әкімі Алтай Рахымбетов еңбек жолын 1995 жылы Алматы қаласы Экология басқармасының маманы ретінде бастады. Қоршаған ортаны қорғау саласында 20 жыл бойына еңбек етті, соның ішінде, Алматы қаласы Табиғатты реттеу басқармасының басшысы да болды. 2015 жылдың ақпанынан Әуезов ауданының әкімі қызметін атқарды.
Осы уақыт ішінде аудандағы салық түсімі 74%-ға, бөлшек сауда айналымы 60%-ға, инвестиция 40%-ға артты, 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. 6 мемлекеттік және 60 жеке балабақша ашылды.