|
14.11.2018 | 21:30
2270

Министр синтетикалық есірткі таратушыларды ұстаудың неліктен қиын екенін түсіндірді

Министр синтетикалық есірткі таратушыларды ұстаудың неліктен қиын екенін түсіндірді

Еліміздің Парламент мәжілісі тыйым салынған есірткілер тізіміне синтетикалық еліткіш заттардың жаңа түрлерін жедел енгізуге мүмкіндік беретін заң жобасын мақұлдады. Жалпы, отырыста Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов синтетикалық есірткі таратушыларды ұстаудың қиындықтарын тізіп берді. Бұл заттар қайдан әкелінеді? Қалай саудалануда?  

Бүгін Парламент мәжілісінің жалпы отырысында есірткімен күрес шараларын күшейтуге арналған заң жобасы талқыға салынды. Оның барысында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов синтетикалық есірткілердің бізге қай елдерден жеткізілетінін мәлімдеді. Белгілі болғаны, бұл еліткіш заттар көбінесе Ресей, Қытай және Еуропа мемлекттерінен келеді екен. Айтуынша, қазір есірткі бизнесіне тосқауыл қою бұрынғыға қарағанда қиынырақ. Себебі, олардың басым бөлігі бүгінгі таңда поштамен жеткізіледі.

«Бұрынғыдай шекара арқылы өтетін тауардың бәрін бақылап отыра алмаймыз. Көбі сәлемдеме арқылы келеді. Сондай-ақ, тауар ақшасын «Киви-әмиян» арқылы төленеді», – деді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.

Қалмұханбет Қасымов есірткілердің химиялық құрамы өте тез өзгеретіні тәртіп сақшыларының жұмысына айтарлықтай кедергі келтіретінін айтты. Мәселен, биыл қозғалған 125 істің 89-ын қысқартуға мәжбүр болған. Өйткені, бұл есірткілер тізімде жоқ, яғни жаңадан пайда болған. Министр есірткіні сатып алған адамды ұстағанмен, оны біліп қойған диллер тез арада оның құрамын өзгертіп тастайды, демек, ол жаңа есірткі тізімде болмай шығады деп ойын жеткізді. Заңды белшесінен басқандарды жазалауға мүмкіндік бермей келген тағы бір мәселе – заңнаманың өзі болып отыр. Бүгінде 100 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 240 мың теңгеге дейінгі төлемді анонимді, яғни аты-жөнін көрсетпей, жасырын түрде жүргізуге болады. Түйткілді шешу үшін бүгінде белгілі бір шаралар қолға алынып отыр.      

«Осы орайда біз бір ай бұрын Ұлттық банк пен Қаржы министрлігіне тиісті ұсыныс жасадық. Бүгінде төлемдер туралы заңнамаға сәйкес, 100 АЕК-ке (240 мың теңге) дейінгі соманы аты-жөнін көрсетпей төлеуге болады. Осы орайда біз қаржы аударымдарының қозғалысын көру үшін осындай тәртіпті алып тастауды ұсындық. Қазіргі кезде бұл мәселе қарастырылып жатыр», – деді ҚАЛМҰХАНБЕТ ҚАСЫМОВ.

Отырыста есірткі бизнесіне тосқауыл қою үшін интернет ресурстарды жабу жұмыстары қарқын алғаны да белгілі болды. Мысалы, былтыр 522 ресурс жабылса, биыл синтетикалық есірткілерді сатумен айналысып келген 3200 сайттың жұмысы тоқтатылды. Бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай да жалғастыру керек деді Мәжіліс спикері.

«Өкінішке қарай, интернет ашық болғаннан кейін осы мәселеде ешқандай шекара да жоқ. Сондықтан оны интернеттен де жабу керек деп дұрыс айтасыз, Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы. 240 мың теңгеге кез келген жұмысты тындыруға болатыны анық», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.

Анықталғандай, қазір елімізде синтетикалық есірткілердің 64 нұсқасы бар. Заңнамадағы жаңа өзгерістерге орай бақылауға жатқызылатын есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тізімі апта сайын бекітілетін болады. Ал төменгі палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар айналымын бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Мәжіліс сондай-ақ, бірыңғай жиынтық төлемін енгізуді де мақұладады. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова мәлім еткендей, түзетулер үш кодекске және алты заңға енгізілуде. Негізгісі келер жылдың 1 қаңтарынан бастап іске аспақ.

«Республика экономикасында жалпы жұмыспен қамтылғандардың 16 пайызы, бұл дегеніміз 1 млн 376 мың адам, бейресми жұмыспен қамтылғандар, оның ішінде 800 мыңға жуық жалдамалы жұмыскер еңбек шартынсыз жұмыс істейді және 588  мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу нәтижесінде, 500 мың бейресми жұмыспен қамтылған адамның қызметін формалды ету көзделген. Сонымен қатар, 65,4 мың төлеуші патент және жеңілдетілген декларация негізінде қолданыстағы салық режімінен ауысуы мүмкін», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА.

Министр бірыңғай жиынтық төлемін енгізу еліміздегі бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін біршама жеңілдетеді деп отыр. Себебі, қазір олар салық органдарына тіркелу мен есептен шығу, түрлі төлем жүйелерінің көптігі сияқты мәселелермен кездесуде. Ал бірыңғай жиынтық төлем бейресми қызметті ресми тіркеуге ғана емес, міндетті медициналық және әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыру сияқты жүйелерге де қатысуға мүмкіндік береді. Ол еліміздегі 4 міндетті төлемді бір төлеммен алмастырады деп атап өтті Мадина Әбілқасымова.


Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир