Алматы пилотсыз көліктерді енгізудің негізгі алаңына айналуда

Depositphotos.com
Depositphotos.com
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Дамир Қожахметовке роботакси жобасы таныстырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің интеллектуалды көлік жүйелерін дамытуға және елімізде пилотсыз технологияларды енгізу перспективаларын зерделеуге бағытталған қызметі аясында өткізілді.

Роботакси пилоттық режимнен және шектеулі тестілеуден бастап кезең-кезеңімен іске қосылатын болады. Бұл формат қаладағы нақты жағдайларды ескере отырып технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Сервисте диспетчерлермен тәулік бойы байланыс және сапарларды сақтандыру жоспарлануда. Пилотсыз көлікті басқару жүйесі автономды жүргізудің дәлелденген тәсілдеріне негізделеді, соның ішінде жасанды интеллект, жол жағдайын үздіксіз бақылау және қауіпсіз әрекет ету сценарийлері қолданылады. Тәжірибе жинақталып, жүйенің тұрақтылығы расталған жағдайда қызмет ауқымы кеңейтіледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі роботаксилерді пайдалану үшін нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Роботаксилерді пайдаланудың негізгі ұғымдарын енгізуді, оларды пайдалану тәртібін айқындауды, мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін бөлуді және қажетті құқықтық инфрақұрылымды құруды көздейтін заңнамалық түзетулер әзірленді.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, пилотсыз технологиялар бүгінде бірқатар елдерде сәтті қолданылып келеді. Қазақстан үшін оларды енгізу экономиканың жоғары технологиялық секторларын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Пилоттық жобаларды іске асыру үшін цифрлық инфрақұрылымы дамыған және интеллектуалды көлік жүйелерінің қажетті элементтері бар Алматы мен Астана қалалары ең перспективалы алаңдар ретінде қарастырылуда.

Роботаксиді енгізу барлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі үздік халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, заманауи көлік технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.

Новости партнеров