|
04.01.2019 | 17:45
2967

Таиландтағы 300-ден астам қазақстандық туристке ескерту жіберілді

Таиландтағы 300-ден астам қазақстандық туристке ескерту жіберілді

Таиландтың оңтүстігіндегі онға жуық провинцияда болжанған дауыл алдағы жексенбіде аяқталады. 1962 жылдан бері болмаған табиғат апаты осы аумақтардағы қазақстандықтардың демалысына қалай әсер етіп жатыр?

Сыртқы істер министрлігі отандастарымыздан әзірге ешқандай шағым келіп түспегенін алға тартуда. Ал туркод сатып алғандар еш алаңдамаса да болады. Қиын жағдайға тап бола қалса, жүгінген туроператоры көмек қолын созуға міндеттеледі. Ал өз бетінше шекара асқандарға ауа райының тұрақталуын күтуге тура келеді.

Таиланд корольдігінің Самуи провинциясында демалып жатқан алматылық отбасының туыстары дабыл қағуда. Айтуларынша, жақындары алда болатын тропикалық дауылдың өтінде қалатын Самуи аралында демалып жатыр. Теңіз жағасында қалғандармен қазір байланыс жоқ. Бір анығы, олар Отанымызға қаңтардың 9-ында бір-ақ келеді. Алайда дипломаттарымыз тай еліндегі курорттық аймақтардағы 300-ден астам отандасымызбен байланысқа шыққан. Қандай да бір жағдай орын алса, олар «туркод» жүйесі негізінде елге қайтарылады. Әзірге қазақстандық туристерден өтініш.

«Туристік қамқор» кепілдік беру жүйесі туристің туркоды болса, біз оны бір ғана жағдайда, яғни туроператор өз міндеттемелерін орындамаса немесе орындалмаса ғана елге қайтаруға құзырлымыз. Қазіргі таңда қазақстандықтардан ешқандай арыз келіп түскен жоқ», – деді «Туристік қамқор» корпоративтік қорының директоры Асылхан ЕСІЛОВ.

Ресми мәлімет бойынша, 1-7 қаңтар аралығында Таиландта 318 қазақстандық демалыс жоспарлаған. Бұлар тек тіркелген тынығушылар. Табиғаттың тосын мінезіне байланысты олардың барлығына ескерту жіберілген. Синоптиктер сұрапыл дауыл 3-4 қаңтар күндері елдің оңтүстігіндегі 10-ға жуық провинцияда соғатынын болжап отыр. Дегенмен, әзірге ескертуді елеп, демалысын доғарғысы келетіндер жоқ.

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі берген мәліметке сәйкес, дауыл соғуы мүмкін аймақтарда 80-ге жуық қазақстандық бар екен. Қазір тай елінің билігі мен Қазақстан елшілігі тығыз байланыста.

Айта кетейік, туристер көп баратын Таиландтың оңтүстік аумағында «Пабук» тропикалық дауылы соңғы рет осыдан 57 жыл бұрын соққан екен. Дүлей дауыл Оңтүстік-Қытай теңізінен бастау алған. Синоптиктердің болжауынша, желдің беті апта соңында қайтады. Ал Таиландың жергілікті билік өкілдері секундына 25 метр жылдамдықпен соғатын дауыл 5 қаңтарда Сиам шығанағынан Таиланд жағалауларына жетуі мүмкін екенін хабарлауда.


Азамат Әуезхан, Валерий Таубалдиев, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир