Сот алимент төлейтіндердің есепшотын толық бұғаттамайтын болды

Сот алимент төлейтіндердің есепшотын толық бұғаттамайтын болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Соттың бұдан былай алимент төлейтіндердің есепшотын толықтай бұғаттауға қақысы жоқ. Әділет министрі Марат Бекетаев бұл өзгеріс алимент төлеушілердің «есепшотымды сот бұғаттады» деген сылтаудан айырып, оны уақтылы өтеуге мүмкіндік береді дейді.

Аталмыш норма Парламент сенатында «Меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру» заңы аясында мақұлданды.

«Қазір, өкінішке қарай, банк берешек үшін өз ақысын алып қояды да, алимент төлеу мүмкін болмай қалып жатыр. Енді заң арнайы ереже енгізді. Бұдан былай несие мен ипотека берушілер өз қарызын өндіріп алу үшін есепшоттағы ақшадан алиментке керек қаржыны ала алмайды. Демек, бұл сома әркезде қолжетімді болып, үнемі төленуі керек», – деді ҚР Әділет министрі Марат БЕКЕТАЕВ.

Сондай-ақ, Сенат отырысында кешегі министрлер ауыс-түйісі мен ведомство арасында міндеттердің бөлінуі сөз болды. Жеңіс Қасымбек Инвестициялар және даму министрлігі неліктен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі болып қайта құрылғанын түсіндірді. Оның сөзінше, ведомстводан инвестиция тарту міндеті Сыртқы істер министрлігіне өткен. Ал экспортты дамытуға қос орган да жауапты. Министр Қасымбекке қарасты мамандар өнәркәсіп өнімдерін шетелге сатумен айналысса, сыртқы саясат өкілдері жұмысты үйлестіруге міндетті.

«Соңғы екі жылда әлемде шетелдік инвестициялар нарығы күрт құлдырап кетті. Сондықтан бұл жерде белсенді жұмыс атқару керек. Біздің барлық халықаралық өкілдіктерімізді, елшіліктерімізді және тағы басқаларын жұмысқа тарту қажет. Енді елшіліктердің негізгі функцияларының бірі – экспортты дамытып, инвестиция тарту. Меніңше, жан-жақты сараланған бұл өзгерістер аталған мәселелерге серпін береді», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕК.


Новости партнеров