Алматыда 100-ге келген қос қарияға күрделі оталар жасалды

Алматыда 100-ге келген қос қарияға күрделі оталар жасалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 100 жасқа келген қос қарияға ота жасалды. Ақсақалдың бірі ұршығын сындырып алса, енді бірі 2 жылдан бері несеп жолдары ауруынан зардап шегіп келген. Дәрігерлер бұл операциялардың ерекше болғанын айтады. Өйткені, ұзақ ғұмыр жасаған науқастарға ота жасау тәуекелдікті талап етеді. Қазір қос қарттың жағдайы қалай?  

100 жасқа келген Дәуіт Сыздықов ақсақал осыдан бір апта бұрын төсек тартып жатқан еді. Қарттың зәр шығару жүйесі 2 жылдай ауырыпты. Тек дерт дендеп, жанына батқанда ғана ауруханаға келген. Оның үстіне денсаулығым отаны көтермес деген де сенімсіздігім болды дейді қария. Дегенмен, дәрігерлер тексерістен кейін операция жасау туралы шешім қабылдапты.

«Дәрігерлер тексерді ғой. Көтере ала ма, көтере алмай ма деген күмәндары болды. Денсаулығымды түгел тексере келе, отаға жарайсыз деді. Сөйтіп ота жасаттым. Бастапқыда мен қартайдым, енді бармаймын, басқа түскенді көрермін деп көнбеп едім, дәрігерлер ауырып тұрған науқас емделуі керек деп түсіндірген соң, отаға келістім», – дейді науқас Дәуіт СЫДЫҚОВ.

Қазір ұзақ жасаған ақсақалдың жағдайы жақсы. Бүгін дертінен айыққан қарт үйіне шығарылды. Атасын 38 немересі, 18 шөбересі мен 2 шөпшегі күтіп отыр. Ұзақ жасаған қарт салауатты өмір салтын ұстанып, таза ауада көп жүргенін айтады. Ал ақ халаттылар ота сәтті жасалды дейді.

«100 жастағы қарияға қиын отаның түрі жасалды десек те болады. Дегенмен, денсаулығы көтеріп, келесі күні-ақ орнынан тұрып кетті. 7 күннен соң, міне, үйіне шығарып салғалы отырмыз. Жағдайы жақсы. Ауруы жазылып, көңіл күйі көтеріңкі болып қалды. Бұл отаны ерекше жағдай дер едім», – деді Алматы қаласы №4 ауруханасы урология бөлімшесінің меңгерушісі Әділжан ХАМЗИН.

«Жасымыз ұлғайды. Операцияны көтера аламыз ба, көтера алмаймыз ба деп уайымдап, тіпті осы аурумен жүрсем жүре берейін деп қатты қиналып та жүрді. Біз ол кісіні әрең дегенде отаға көндіріп, ауруханаға алып келіп, операция жасаттық. Бәрі ойдағыдай болды. Сондықтан үлкен кісілерге айтарым, қорықпаңыздар, бәрі де жақсы болады!», – дейді Д. Сыдықовтың қызы Райхан ӘБДУМАСАРОВА.

Ал 100 жастағы Байтұма Тұрарұлы ұршығын сындырып алған. Дәрігерлер оған эндопротездеу жасап, бар жоғы 30 минутта темір қойып беріпті. Дәрігерлер болса отаны кез келген жаста жасауға болатынын айтады.

«Бұл ота түрі жасқа қарамайды. Науқас 80-де, 90-да, 100-де болса да, біз қажетті көмекті аямауға тиіспіз. Науқас бастапқы кезде ұршығын сындырып алғанын онша елемй, өз бетімен емдеп жүре берген. Тек ауруы жанына батқанда туыстары бізге алып келді. Біз дереу қажетті отаны жасадық. Біірінші күні ол кісіні толықтай тексеруден өткіздік. Ертесіне операция жасадық», – деді Алматы қаласы №4 ауруханасы эндопротездеу бөлімшесінің меңгерушісі Манарбек ӘУБӘКІРОВ.

Ақ халаттылар қалада жарияланған «Белсенді ұзақ өмір» атты Жол картасының аясында қарттарға барынша жағдай жасалып, қолдау көрсетіліп жатқанын айтады. Жобаның арқасында егде жастағы адамдар белсенді өмірге тартылып, көппен араласуға мүмкіндік алды. Айта кетейік, бүгінгі күні Алматыда 222 мыңнан аса зейнеткер тұрады.


Жадыра Омаржан, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров