Алматы іргесіндегі саяжай төрағасы қыс ортасында тұрғындардың жарығы мен суын өшіріп тастаған

Алматы іргесіндегі саяжай төрағасы қыс ортасында тұрғындардың жарығы мен суын өшіріп тастаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысының Іле ауданында тағы да таусылмас дау шықты. Күзден бері жұртқа тыныштық бермей келе жатқан саяжай төрағасы әр үйден қомақты ақша талап етіп, өзі басқаратын кооперативтің қарамағына кіруді талап еткен. Қыркүйектен бері біресе суын, біресе жарығын қия беретін төрағаның қылығынан шаршаған жұрт жаппай арыз жазды. Ал Іле ауданының әкімдігі түйткілді мәселені шешуге қауқарсыз.

«Мүше болып кіресің бе, кірмейсің бе? – Мүше болмаймын мен! – Болмасаң, кет, аналармен құры! – Кете алмаймын! – Кетпесең, құры! Қайда барсаң, онда бар! Жарық қосқыш аппарат ал да, отыр! Құдық қазып ал одан кейін!»

Қасындағы жігіттермен бірге әлімжеттік жасап, жарықты кезекті рет қиюға келген төрағаның дөрекі әрекетін тұрғындар осылай телефонға түсіріп алған. Күнделікті жарық пен суға зәру болған бұқараның білдіруінше, «Балтагүл» саяжайын «Балтакөл» атауына ауыстырып, ат шаптырым ауылды «менің меншігім» деп мәлімдеген зейнеткер өзі құрған серіктестіктің қарауына кірмегендерді көндірудің өзгеше тәсіліне көшкен.

«Мына жеріміздің құжаттарын Ерғали Ерғожа деген адам заңды түрде күшін жойып жібердім дейді. Олар бізге бірінші рет емес, екінші рет емес... мен көшіп келгелі сегіз жылдан бері электр жарығымды кесіп келеді. «150 мың теңге беріп, менің мүшелігіме өтсеңдер ғана тыныш қоямын» дейді», – дейді тұрғын Айшолпан ӘЗІРБАЕВА.

«Техпаспорт та бар, осы үйге тіркеуде отырмын. Барлық құжаттарым бар. Осы кадастр номерін қалай бізге айтпай, бізді қатыстырмай шығарғанын анықтап берсе. Ол: «Менің мүшеме өтесіңдер дейді. Бұл сендердің жерлерің емес, менің жерім» дейді. Өзінің қойып қойған сомасы бар. 150 мың төлейсіңдер дейді», – деп күйінеді тағы бір тұрғын Нұржамал БҰҚАРБАЕВА.

Ал ешкімге берешегіміз жоқ, жан алқымнан алған адамдармен бірікпейміз деген саяжайдың тұрғындары ақыры сақылдаған сары аязда сусыз әрі жарықсыз қалған. Өзге мекемеге коммуналдық қызметтің ақысын ай сайын төлеп отырған тұрғындардың бағандағы сымын да төраға «сыпырып» әкеткен.

Көрген күндері күңгірттенген халық енді кімнен көмек келерін білмей дал. Ал серіктестіктің «серкесі» ұнамаса, сотқа барыңдар деп алған бетінен қайтар емес.

«Оларға жарық қосылмайды. Қай жаққа барса да, осы кооперативке мүше болып кіруден басқа амалдары қалмайды . Арыз жазады, болды, проблема шешіледі. Мен кіремін деп арыз жазса болды. Ал ақша мәселесі – ол екінші мәселе», – деді «Балтакөл» серіктестігінің төрағасы Ерсайын ЕРҒОЖА.

«Ерғожа Ерсайынның арызы бойынша ол өзіне иемденгісі келіп отыр. Аудан әкімінің қаулысымен. Бірақ біз ондайға жол бермейміз. Ол екі бау-бақша саяжайдың дүниесі болып қалады. Бірақ біз халыққа жарық береміз», – деді Алматы облысы Іле ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан ОРЫНБАСАРҰЛЫ.

Әділдік іздеп табандарынан тозған тұрғындар 10 жыл шешілмеген жұмыстың жуырда жөнге салынатына сенбей, үйлерін сатуға қойған. Тек тілшілер келген соң ғана басшылар амалсыз тіл қатты деп отыр. Бірақ күрмеуі мен түйіні тарқатылмай қала ма деген ел алдағы күндері алаңсыз өмір сүруі мүмкін. Өйткені, ерсі қылығымен көзге түскен төрағаның үстінен «өз бетінше билік ету» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалыпты.


Әмірболат Құсайынұлы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров