Ақтөбедегі автобус өрті: кінәлілер 7 жылға дейін сотталуы мүмкін

Ақтөбедегі автобус өрті: кінәлілер 7 жылға дейін сотталуы мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбе облысында 52 адам өртеніп кеткен автобус ісіне байланысты сотталғандар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бүгін аталмыш іс бойынша өткен жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы күдіктілердің әрқайсына тиісті жаза тағайындауды сұрады. Прокурор автобустың үш жүргізушісін «Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу» және «Жол ережесі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» баптары бойынша айыпты деп танып, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал автобус тиесілі тасымалдаушы компанияның басшысы мен механигін 7 жыл абақтыға жабу туралы ұсыныс айтты. Олар құжаттарды қолдан жасап, ақауы бар автобусты жолға шығарғаны үшін жаза арқаламақ.

Прокурордың айтуынша, 52 адамның өмірін жалмаған xалықаралық бағыттағы автобус екі жылдан бері теxникалық байқаудан өтпеген екен. Дегенмен, сотталушылар өздеріне тағылған бұл айыптармен келіспеді.

Еске сала кетсек, Ақтөбе облысындағы қайғылы оқиға 18 қаңтарда болған еді. Жолаушыларға лық толы автобус ішінен от тұтанып, алапат өртке ұласқан. Соның салдарынан салонда болған 57 адамның 52-сі тірідей жанып кетті. Марқұмдардың барлығы Өзбекстан азаматтары. Ал апаттан тек 3 қазақстандық жүргізуші мен 2 өзбекстандық азамат аман қалған.  


Новости партнеров