2025 жылы Шымкент донор қала деңгейіне жетуі мүмкін – вице-министр

2025 жылы Шымкент донор қала деңгейіне жетуі мүмкін – вице-министр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

2025 жылы Шымкент дотациялық қаладан донор қала деңгейіне жетуі мүмкін. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ұлттық экономика вице-министрі Руслан Дәленов мәлімдеді. Шырайлы шаһар аталған деңгейге қашан жетеді? Бұл үшін не істеу қажет?

Еліміздің Парламент Мәжілісі бүгін Шымкентті «Республикалық маңызы бар шаһар» деп бекітті. Осы турасындағы Жарлыққа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылдың маусым айында қол қойған болатын. Президент Жарлығына сәйкес, Оңтүстік Қазақстан облысының атауы Түркістан облысы деп өзгертілді. Ал оның әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан шаһарына көшірілді. Осыған дейін кей заңдарда республикалық маңызы бар қалаларда Астана және Алматы ғана көрсетілді. Ал Шымкент заңнамалық актілерге кірмей отырған. Бүгін бұл мәселе бірінші оқылымда шешілді. Отырыста Шымкенттің дотациялықтан донор қалаға айналуы мүмкін екені мәлім болды. Бірақ бұған халық қалаулылары күмәнмен қарады. Анықталғандай, бүгінде шаһардың кірісі 70-80 миллиардты құраса, шығыны 100 милиард теңге болып отыр. Түйткілді шешу үшін Түркістан және Шымкент қалалары республикалық бюджеттен субвенция алады.

«Астана мен Алматы қалалары донор болып отыр. Шымкент, әрине, әлі донор емес. 2019 жылғы бағалау бойынша кірістер 70-80 миллиард теңгені құрайды. Бұл шығындардан төмен көрсеткіш. Алайда, біз экономиканың өсуін, бизнес дамуын жобаларының іске асырылуын болжаймыз. Келешекте Шымкент қаласының бюджеті өзін-өзі қамтамасыздандыратын болады», – деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Руслан ДӘЛЕНОВ.

Мәжіліс спикері Ұлттық экономика вице-министріне нақты сауалдар қойғанмен вице-министр біраз кідіріп қалды.  

«Қай жылы донор бола алады?» деп сұраған Нұрлан Нығматулиннің сұрағына Руслан Дәленов: «2020, 2025 жылдардан бастап донор болуы мүмкін» деп, екіұшты жауап берді.

«Оған жетудің нақты мерзімін, әрине, Шымкенттің әкімшілігі де, экономикамен айналысатын сіздің министрлігіңіз де дұрыс білулеріңіз керек. Қандай қадам қай жылы жасалады, қандай нәтиже береді? Меніңше, сіздің жауабыңыздан түсінгенім, не істеу керек екенін, қалай істеу керек екенін сіздің өзіңіз де әлі түсінбеген сияқтысы. Жалпылама айтқандарыңызды халық онсыз да біледі», – деп шүйлікті ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.

Отырыста Шымкент қаласы мәртебесінің өзгеруіне орай мүлік пен жер теліміне салық ставкалары өзгертілетіні де мәлім болды. Жаңашылдық 2020 жылдан бастап біртіндеп енгізілмек. Мәжіліс отырысында сондай-ақ, «Құрманғазы» жобасы жайлы айтылды. Белгілі болғаны, болашақ кен орнын барлау жұмыстарына 157 миллион доллар жұмсалған екен. Екі ұңғыма орнатылса да, нәтиже болмаған. Сол себептен бүгінде оның аумағы кеңейтіліп жатыр.  

«Құрманғазы» жобасы бойынша қаржыландыру мәселесі сәйкесінше қаржыландырылатын болады. Мысалы, «Құрманғазы» кен орнын алсақ, оны кен орны деп айту әлі ерте, тек жоба деп айтуға болады», – деді ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ.

Журналистер Энергетика министрін көре сала, Анатолий Шкарупаға қатысты сұрақтар қойды.

«Ол үшінші орынбасарым болса да, мәселе 2015 жылдан бері тергеуде қаралып жатқан. 2015 жылы ол кісі Қарағанды облысындағы Сараньда болған. Ал менің қайда болғанымды өздеріңіз білесіздер. Дегенмен, бұл жағдай коллективке әсер ететіні сөзсіз», – деді Қанат БОЗЫМБАЕВ.

Атап өту керек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұрынғы вице-министрлер Ғани Сәдібеков пен Бақытжан Жақсалиевке қатысты тергеуді әлі жүргізіп жатыр. Ал журналистердің сұрағына Қанат Бозымбаев, тек бір орынбасарым жоқ, қалғаны орнында, қажет болған жағдайда штат кестесін қараңыздар деп қысқа қайырды.


Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров