Мемлекеттік бюджеттің 800 млрд теңгесі игерілмей қалған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекеттік бюджеттің 800 миллиард теңгесі игерілмеген. Қаражаттың тиісті жұмыстарға уақытылы жұмсалмауын Қаржы министрі Әлихан Смайылов орталық және жергілікті атқарушы биліктің олқылығы деді. Ал бұл мәселеге қатысты Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев министрлер мен облыс басшыларына қандай тапсырма жүктеді?

Жыл соңына дейін санаулы күндер қалғанда мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражат тиісті жеріне жетпей, игерілмей қалуы ықтимал. Мәселен, Ерлан Сағадиев басқаратын Білім және ғылым министрлігі – 11 миллиард, Мәдениет және спорт министрлігі 8 миллиард теңгені жұмсап үлгермеген.  Олардың қатарында Ауыл шаруашылығы мен Ішкі істер министрлігі де бар екен. Бұл мәліметті Премьерге Қаржы министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында жеткізді.

«Жергілікті атқарушы органдардың алдын ала ақпаратына сәйкес, жыл соңында 1,2 млрд теңге игерілмей қалуы мүмкін. Баяндамамның соңында айтарым, қаржы жылының соңына дейін 12 жұмыс күні қалды. Осы уақыт ішінде орталық және жергілікті органдар әлі де болса 800 млрд теңгеге жуық қаражатты игеріп үлгеруі қажет. Сондықтан қалған уақытта осы мәселеге аса үлкен назар аударып, белсенді жұмыс атқару керек», – деді ҚР Қаржы министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ.

Ал министрлер болса жұмыстарындағы жіберген олқылықты мойындап отыр. Әрқайсысы желтоқсанның соңына дейін барлық қаржы өз орнын табады деп сендірді. Дегенмен, еліміздің 17 өңірінде 2 миллиард теңге жаратылмай қалуы мүмкін деген қауіп бар деді Смайылов. Қаражатты игеру бойынша Түркістан мен Қызылорда облыстары нашар көрсеткіш көрсетіп отыр екен.

«Қаржы министрлігінің баяндамасында көрсетілгендей, 99,6% республикалық бюджетті игеру мүмкіндігі бар. Жергілікті жерлер бойынша 1,5 млрд ақша игерілмеуі мүмкін. Бірақ оны әкімдер толыққанды игеруге мүмкіндік бар деп отыр. Яғни қойылған тапсырма орындалуы қажет. Бір аптадан соң Үкіметтің келесі отырысында айтылған мәселелердің, берілген уәделердің әріптестеріміз тарапынан қалай орындалып жатқаны жөнінде тағы бір қорытындылап, қарап өтеміз», – деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Алайда, қаржыны игеру жүйесі былтырғымен салыстырғанда дұрыс жөнге қойылды деді министр. Республикалық және жергілікті бюджет шығыстары 98 пайызды көрсеткен. Ал 11 айда қазынаға түскен қаражат 5 триллион 254 миллиард теңгені құрапты.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров