Геннадий Головкин кәсіпқой бокстан жақын уақытта кетпейтінін мәлімдеді

Геннадий Головкин кәсіпқой бокстан жақын уақытта кетпейтінін мәлімдеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандық даңқты боксшы Геннадий Головкин Алматыда жанкүйерлерімен кездесті. Әлемге әйгілі былғары қолғап шеберін құрметтеп, өз көзімен көруге келгендердің қарасы көп.

Соңғы жекпе-жегінен соң Қазақстанға алғаш келген Головкин баспасөз жиынын өткізіп, өзінің болашақ жоспарларымен бөлісті. Спорттық мансабына қатысты да пікір білдірді. Боксшының жанкүйерлеріне деген алғысы шексіз.

«Баршаңызға рахмет айтқым келеді. Әр жексенбі күні ұйқыларыңызды қиып, менің жеңісім үшін бірігесіздер. Бұл мен үшін де, бүкіл Қазақ елі үшін де өте маңызды. Өйткені, мен арқылы біз әлемге Қазақстанның қандай екенін көрсете білдік. Баршаңызға көп рахмет», - деді Г.Головкин.

Ұзақ үзілістен кейін туған жерге алғаш келген Геннадий Головкин Қарағанды мен Астананы аралып, бүгін Алматыға табан тіреді. Чемпиондық белбеулерінен айрылса да, спортышының сағы сынбаған. Өзін көруге асыққан отандастарымен көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзбен кездесіп, журналистердің сауалдарына жымия жауап берді. Ол қазір туған жерге келіп, арқа-жарқа болып жатыр екен. Артынша, спорттық мансабы туралы әңгімелеп, әзірге рингтен кетпейтінін қадап айтты.

«Спорттық мансабымды қашан аяқтайтыным белгісіз. Нақты бір жасқа келгенше жұдырықтасуым керек деген жоспарым жоқ. Бокс – бұл әрбір соққы сенің тағдырыңды шешетін спорттың өте қауіпті түрі. Егер мүмкіндігім мен қалауым болса, жұдырықтасуымды тастамаймын», - дейді даңқты боксшы.

Геннадийдің Сауль Альвареспен өткізген қарымта кездесуінен соң кей қазақстандықтар оған бапкерін ауыстыруға кеңес берген болатын. Бірақ, Головкин қылаң-берген алып-қашпа әңгімелердің нүктесін қойды. Ол Абель Санчес сынды кәсіби мықты бапкермен ынтымақтастығын үзбейтінін жеткізді.

Головкиннің келесі жекпе-жегі қашан өтетіні де белгісіз. Ол алдымен тынығып алуды ұйғарыпты. Тек содан кейін ғана промоутері және бапкерімен бірге болашақ кездесулеріне жоспар құрмақ.

«Келесі қарсыласым туралы не айта аламын? Олар көп. Қазір кіммен жұдырықтасатынымды таңдап жатырмын. Бәрі болады. Бірақ уақыты келгенде. Дәл қазіргі сәтте бар ойымыз жас боксшыларда», - деп ойымен бөлісті Г.Головкин.

Жас спортшы демекші, Геннадий Головкин қазақ жастары арасында спорттың дамуына үлесін қосу үшін қолға алған тың жобасы туралы да әңгімеледі. Ол АҚШ-та «GGG promotions» компаниясын құрып, онда нағыз кәсіби боксшы болғысы келетін жігіттерді тәрбиелеп жатыр екен. Қазірдің өзінде компанияда Қазақстанның бірнеше боксшысы жаттығуда. Болашақта олардың саны арта түспек. Кіл мықтыларын Головкиннің өзі таңдап алады.

«Шынын айтсам, Қазақстанда кәсіпқой бокс жоқ. Жас спортшылар кәсіпқой боксшы ретінде жетістікке жеткісе келсе чемпиондармен бірге еңбек ету керек. Солармен бірге шаршы алаңда жұдырықтасуы қажет. Бұл таптырмас тәжірибе. Қазақстанда кәсіпқой бокста жетістікке жету үшін ешқандай жағдай жасалмаған», - дейді ол.

Жиынның ресми бөлігі аяқталғаннан кейін, Головкин өзіне қошемет көрсетуге келген жанкүйерлермен кездесті. Ол құшақ жая қарсы алған қала тұрғындарына алғыс жаудырып, жастарға көрсетілетін қолдау туралы айтып берді. Әйгілі боксшыны өз көзімен көруге келгендердің қатарында еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін келіпті. Араларында тіпті, сабағынан қашып, осы кездесуге келгендері де бар екен.

«- Бірінші рет Головкинді өз көзіммен көрдім. Ол менен 5 метр арақашықтықта тұрды. Жалпы менің сөзім жоқ.

- Геннадий Головкинді көру үшін сабақтан қашып кеттік. Мен кездесулерін өткізбей көремін. Таң атпастан тұрып алып, ұйқыны ұмыматымз.

- Біз әрқашанда өзіміздің батырымызды қолдаймыз. Кез-келген жекпе-жегінде оған қолдау көрсетеміз», - десті осынау жиынға келген жастар.

Расымен де, Геннадий Головкинде ешбір ақша мен алтынға сатып ала алмайтын жанкүйерлерінің шынайы махаббаты бар. Оған көрсетілер құрмет пен қошеметте шек жоқ. Бүгін жиналған жұрт осыны дәлелдеді. «Гена» деп ұрандатқан жанкүйерлер, боксшыны қимастықпен шығарып салды.

Геннадий Головкин GGG брендін қалыптастырып, Қазақстанды спорттық держава ретінде дүниежүзіне танытты. Елдің халықаралық имиджін көтеруге орасан еңбек сіңірді. Атақты промоутерлердің қазақ боксшыларына қызығушылығын оята білді.

Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров