Астанада аузы ашық қалған құдық 14 жастағы мектеп оқушысының өліміне себепші болды. Боранды күні үйінен шығып, хабарсыз кеткен Аружан Маратованы қала болып іздегенмен, тек тәулік өткеннен кейін мүрдесі кәріз құдығынан табылған. Бұл оқиғаның сорақысы сол, Аружан түскен құдыққа тағы бір бала құлап, оны аман-есен алып шыққанда арам судың ішінде жатқан қаршадай қызды іздестірушілер байқамай қалған.
24 қараша күні соққан ақтүтек боранда Аружан Маратова театрдан қойылым көруге кеткен. Мәдени шарадан кейін сыныптастарымен бірге тамақтанып, әркім өз үйіне қайтқанда, қаршадай қыз үйіне оралмапты. Ол қала ішіндегі қақпағы жабылмаған кәріз құдығына құлап кеткен. Ал құзырлы органдар арқылы дереу іздеу салған туыстары оны таба алмаған. Алайда, Аружан құлаған құдыққа тағы бір жеткіншек түсіп кеткен. Оны аман-есен алып шыққан құтқарушылар арам судың ішінде жатқан қызды байқамаған.
«Таңертең бір бала құлаған. Сол бала құлаған кезде астында менің сіңілім жатқан. Сол жерді жабуға келген кезде оны ешкім көрмеген. Адам өліп, күртесіне су толып кеткеннен кейін бір-ақ табылған. Сол таңда тағы бір бала құлаған. Оны көрмей қалған. Баллон күрте болғандықтан, су толып, беткі қабатқа шыққан», – дейді Аружан Маратованың әпкесі Айжұлдыз МАРАТОВА.
Қайғылы оқиға орын алар күні 14 жастағы Аружан осы жолмен келе жатып, қақпағы жоқ осы кәріз желісіне түсіп кеткен. Бір қарағанда, тереңдігі 4-5 метр болатын құдыққа бала түгілі, ересек түссе, яғни құласа, аман қалуы екіталай.
Аружанның жақындары өз жұмысына салғырттық танытқандарды қатаң жазалауын сұрайды. Ал адам ажалына айналған мұндай құдықтардың бетін тиісті органдар қадағалауға алса дейді. Бұл іс бойынша Полиция департаменті тергеуді де бастап кеткен. Айыпты анықталса, төрт жылдан артық түрмеге қамалуы мүмкін.
«Осы дерек бойынша қазір ҚР ҚК 306-шы бабының 3-ші тармағы, яғни «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету немесе жұмыстарды атқару» бойынша сотқа дейінгі тергеу-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Осы қылмыстық істі тергеу барысында тиісті сараптама тағайындалды», – деді Астана қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Софья ҚЫЛЫШБЕКОВА.
Астанада кәріз желісі жүйесіндегі осындай 65 мың құдық бар. Оның біразы әкімдік құзырында болса, қалғандарына жеке тұлғалар мен компаниялар жауапты. Алайда, қақпақ ұрлайтындарға ешкім тұсау сала алмай отыр.
«Коммуналдық қызметтер мыңдаған ашық құдықтарды тауып, жауып жатыр. Барлығы 3 сағат көлемінде жедел жабылуда. Соңғы аптада 109 қызметіне 214 өтініш келіп түскен. Қала әкімі құдық қақпақтарының ұрлығына қарсы жүйелі шараларды қабылдауды қатаң тапсырып отыр. Оның ішінде, ұрлыққа қарсы шешілмейтін арнайы құлыптар орнатуды тапсырып отыр», – деді Астана қаласының әкімдігінің ресми өкілі Эльвира ЖҮРГЕНБАЕВА.
Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов болған жағдайды жеке бақылауына алған. Шенділер аузы ашық құдықты көргендер «109» қызметіне хабарласуын өтінеді. Ал Аружан Маратова ертең жерленеді.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана