|
28.09.2018 | 18:40
4659

Алматы бюджетінен үнемделген қаржы әлеуметтік салаға жұмсалады

Алматы бюджетінен үнемделген қаржы әлеуметтік салаға жұмсалады

Алматыда бюджеттен үнемделген 529 миллиард теңге әлеуметтік салаға жұмсалатын болды.

Бүгін қалалық мәслихат депутаттары биылғы бюджетті қайта нақтылады. Үнемделген қаражат есебінен жолдар жөнделіп, арық желілері жаңартылады.  Әсіресе, су деңгейі жиі көтерілетін аумақтарға басымдық беріліп, ұзындығы 49 шақырымнан астам арық желілерін жөндеу көзделуде. Оған 100 млн теңге бөлінбек.

Ал қаржының 2 млрд теңгеден астамы көлік-жол инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталады. Бұл қаржыға тас жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жол белгілері жасалмақ. Сондай-ақ, Шұғыла ықшамауданындағы көшелер тегістеледі. Әрі шаһардың 8 ауданындағы жолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қала шетіндегі Құрылысшы, Өжет, Ақбұлақ және Қайрат сияқты ықшамаудандардың тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етіп, кәріз желілерін салу үшін тағы 1 млрд теңге жұмсалады.

«Абаттандыруға 830,7 млн теңге бөлінеді. Оның ішінде 39 жерасты жаяу жүргіншілер жолын күтіп ұстауға 57,7 млн теңге бағытталған. 2019 жылы аулаларды абаттандыру бойынша жұмыстарды жалғастыру үшін 90 млн теңгеден астам қаражат 220 ауланы күрделі жөндеуден өткізудің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге бөлінетін болады. Сондай-ақ, ағымдағы жылы Жетісу ауданында аулаларды күрделі жөндеуден өткізу бойынша 340 млн теңгенің жұмысы жүргізіледі», – деді Алматы қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ілияс ӨСЕРОВ.

Үнемделген қаражаттың 2,5 млрд теңгеден астамы әлеуметтік салаға бағытталмақ. Яғни, аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетіліп, мүмкіндігі шектеулі жандарға қосымша кресло-арбалар сатып алынады. Аутизммен ауыратын балаларға да көңіл бөлініп, оларды тау шаңғысымен сырғанау негіздерінде оқыту жоспарлануда. Ал қаржының 71 млн теңгесі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ағылшын тіліндегі оқулықтарды қазақ тіліне аударуға жұмсалады.

«1-ші қыркүйектен бастап оқушылар құрамының шамамен 13 мың балаға дейін көбеюіне байланысты оқытушылардың еңбекақысын төлеуге 316,5 млн теңге жұмсалады. 279 млн теңге колледждердегі оқушылардың стипендияларына және тамақтарына, сондай-ақ жаңа студенттер қабылдауға бөлінді», – деді Ілияс ӨСЕРОВ.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир