Наурызбай ауданындағы көшелерге асфальт төселіп, арықтар жаңартылып жатыр

Наурызбай ауданындағы көшелерге асфальт төселіп, арықтар жаңартылып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Наурызбай ауданының Ақжар мен Құрамыс ықшамаудандарындағы көшелер тақтайдай тегістеледі. Қазір жергілікті билік өкілдері аталған елдімекендердегі жолдарды жөндеуге тапсырыс беріпті. Құжат мақұлданып, қаржы бөлінсе қарқынды құрылыс келер жылы басталмақ. Ал биыл қаланың кенже ауданында бас-аяғы 42 көшеге асфаль төселіп, 16 шақырым арық желісі жасалды.

Бұл Ақжар және Құрамыс ықшамаудандардағы тұрғындар үшін расымен де қуанышты хабар. Өйткені, мұндағы халық жол азабын ұзақ уақыттан бері тартып келеді. Қазір тас жолдарды тегістеумен айналысқан жұмысшылар Бердібаев көшесін асфальттап бітіруге таяды.

«Бұл ықшамауданда тұрғаныма 40 жылдан асты. Бізде бұған дейін мүлдем асфальт төселмеген еді, жүргіншілер жолы да жоқ болатын. Міне, биыл көп жыл армандаған жолымыз жөнделді. Өте қуаныштымыз. Енді көшемізге жарық түссе деп тілеп отырмыз», - дейді Наурызбай ауданының тұрғыны Дмитрий ДРЕЕВ.

Наурызбай ауданы алғаш құрылғанда инженерлік желі атаулыдан жұрдай болған. Тек 47 көшеде жарық болса, бүгінде бұл сан 80-ге жетіпті. Биыл ауданның тас қараңғы 7 көшесіне ұзындығы 8,5 шақырым жарық желісі тартылды. Ал, ең күрделі проблема – арықтар желісі болып тұр.  

«Жалпы, аудан құрылған кезде тек 24 көшеде арық жүйесі қарастырылған болса, бұл көрсеткіш бүгінгі күнде 54 шақырымға жетіп отыр. Биылға 16 шақырым жол жөндеу жұмыстары жасалған кезде, солармен бірге арық жүйелері де салынды. Келесі жылға тағы 19 шақырым арық жөндеуге тапсырыс берілді», – дейді Алматы қаласы наурызбай ауданы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Асылхан ОРЫНБЕКОВ.

Көктем-күзде толарсақтан су кешіп, үй аулалары көлкіген суға толатын көшенің бірі Нәжімединов болатын. Мұндағы тұрғындар талай жылдан бері таудан аққан лай-сумен алысып әлек болған. Осы жазда көшеге асфальт төселіп, маңына терең арық жасалды. Мамандар енді мұнда лай-батпақ пен, тасқыннан келер қауіп жоқ дейді.

«Бұрын жаңбыр жауғанда су арыққа сыймай тасып, көшенің бәрін су алып кететін. Көліктердің жүруі проблемаға айналатын», - дейді Наурызбай ауданының тұрғыны Талғат МОЛДАБЕКОВ.

«Жұмыстан келген уақытымда күйеуім күтіп алатын. Жеңіл көлік жүре алмай, трактормен алып кететін күндер де болған.  Таудан аққан су жолды шайып кететін. Енді қазір арық түскелі жатқанын естіп қуанып отырмыз», - дейді Ақмарал ЕЛЕУСІЗОВА есімді аудан тұрғыны.

Ауданда көп қабатты үй көп болмаса да ондағы аулалардың басым бөлігі күрделі жөндеуден өткен. Биыл 6 аула көріктендіріліп, жергілікті тұрғындарға жайлы етілді. Ойын алаңдары жасалып, жарық шамдары қойылды. Асфальт жабындысы төселді. Ал, 2019 жылы 20 ауланы күрделі жөндеуге тапсырыс беріліпті.


Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров