«Саялы-1» және «Саялы-2» ықшамаудандарында 29 үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Алматының Алатау ауданында «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ол баспаналар қашан пайдалануға беріледі?
«Саялы-1» шағынауданының өзінде биыл 98 көпқабатты тұрғын үй салынып бітсе, оның 83-і пайдалануға берілген. Қазіргі күні тағы 15 үйдің құрылысы біткен. Ал «Саялы-2» ықшамауданында 14 үйдің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Қос шағынаудандағы 29 көпқабатты үй желтоқсан айында пайдалануға берілмек. Яғни, жыл соңына қарай мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойламақ.
«Қазіргі таңда Алатау ауданында 372 үй салынып бітті. Оның көлемі 2 млн 300 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда көпқабатты үйлер салынып жатыр. Мектеп, балабақшалар, жаңа алаңдар да салынуда. Осы жылы біз қала әкімінің тапсырмасымен Алатау ауданында 20 алаң салдық», – деді Алматы қаласы Алатау ауданы әкімі аппаратының коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы Әділет ТОҚТАСЫНОВ.
Алматыда биыл 9 айында 1,5 миллиондай шаршы метр тұрғын үй салынды. Оған 11 мың 200 отбасы жаңа пәтерлерге қоныстанған.
«Биыл Алматы қаласы бойынша 1 млн 300 мың шаршы метр үй пайдалануға берілді. Соның ішінде, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарлама бойынша 121 үй салынып жатыр. Ол дегеніміз, 3600 пәтер», – деді Алматы қаласы Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Қуандық АЙТМАҒАМБЕТОВ.
Биыл мегаполисте «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 63 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 3 мыңнан аса отбасыға пәтер кілті табысталған. Қазіргі таңда жалпы аумағы 257 мың шарты метрді құрайтын тағы 74 үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Тоғжан Жалғасбекқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы