Алматыда мәслихат депутаттығына үміткер Асхат Шілікбаев Жетісу ауданының тұрғындарымен кездесті. Жиында көшелерді жарықтандыру мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселесі сөз болды. Кандидат аталған сұрақтардың шешілу жоспары әзірленгенін айтты. Айта кетйік, Асхат Шілікбаев «Нұр Отан» партиясы атынан сайлауға түсіп отыр.
«Жетісу ауданының тұрғындары көп мәселелерді айтып жатыр. Мен барлығын қағаз бетіне түртіп жүрмін. Сайлаушылардың айтқан мәселелерін шешу жоспары әзірленген. Мен басқарып отырған кәсіпорын осы ауданда орналасқан. Сондықтан мұндағы проблемалар маған таныс. Бүгін жақсы кездесу болды деп ойлаймын. Тұрғындардың ұсыныстары міндетті түрде ескеріледі», – деді Алматы қаласы мәслихат депутаттығына кандидат Асхат ШІЛІКБАЕВ.
Ал Түрксіб ауданының тұрғындары балаларға арналған спорт алаңдарын көбейту керек екенін айтады. Мұндай ұсыныс мәслихат депутаттығына үміткер Гүлнас Ахметовамен кездесуде айтылды. 40 жыл өмірін ұстаздыққа арнаған кандидат сайлаушылардың айтқан мәселелерінің алдағы уақытта шешілетінін жеткізді. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарлама арқылы қалай баспанаға қол жеткізуге болатынын айтты.
«Тұрғындар №1 автобустың өте сирек жүретінін айтып жатыр. Осындай мәселелердің бәрі шешуге тұратын, шешуге болатын мәселелер деп ойлаймын. Егер мен депутат болып сайлансам, осы мәселелерді және халық көтерген өзге де мәселелерді шешуге атсалысамын. Президент өз Жолдауында: «Ең басты байлығымыз адам», деп айтты ғой, соны естен шығармауымыз қажет», – дейді Алматы қаласы мәслихат депутаттығына кандидат Гүлнас АХМЕТОВА.
Мәслихат депутаттығына үміткер Михаил Грачев та Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесті. Олар өз аудандарында жер үсті өткелдерді көбейтуді сұрады. Сонымен қатар, жасыл желектердің көптеп отырғызу керектігін айтты.
«Түрксіб ауданының тұрғындары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселесін көптеп айтып жатыр. Олардың барлығын шешу үшін қолымнан келгенін істеймін. Сонымен қатар, мектептердің маңын абаттандыру да айтылып жатыр», – деді Алматы қаласы мәслихат депутаттығына үміткер Михаил ГРАЧЕВ.
Кандидаттар үгіт-насихат жүргізуді өткен аптада бастап кеткен болатын. Үш округ бойынша шығып қалған депутаттардың орнына 9 адам дәмелі. Айта кетейік, сайлау 28-ші қазанда Түрксіб және Жетісу аудандарында өтеді.