Алматыда отбасылық жанжалдан кейін қайтыс болған әйелдің өліміне қатысты жаңа деректер пайда болды

Алматыда отбасылық жанжалдан кейін қайтыс болған әйелдің өліміне қатысты жаңа деректер пайда болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 3 баланың анасы отбасылық жанжалдан кейін көз жұмғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. 33 жастағы марқұм Сайрангүл Лайысқызының туыстары оның күйеуінен зәбір көргенін айтуда, яғни ер азамат әйелін өлімші етіп сабаған дейді олар. Алайда, 8 жыл отасқан жары бұл айыппен келіспей отыр. Жетім қалған кішкентай үш бала болса «анамыз ауруханадан келеді» деп күтіп жүр.

Соңы қайғылы жағдаймен аяқталған оқиға 14 қарашада «Шаңырақ-6» шағынауданындағы жалдамалы пәтерде болған. Марқұм Сайрангүл өмірінің соңғы төрт айын үш баласымен бірге осында өткізіпті. Күйеуі Ерғалидың айтуынша әйелі түнде үзілейін деп тұрған жіпке асылып қалған-мыс.

Жалдамалы пәтердегі үш баланың үлкені – 8, ортаншысы – 6 жаста болса, кіші ұлға небәрі 7 ай ғана толған. Қаннен-қаперсіз бүлдіршіндер аналарының бақилық болғанынан әлі хабарсыз. Аналарының аялы ыстық алақанын бұдан былай сезбейтін сәбилер Сайрангүл ауруханадан келеді деген үмітпен үйге келген жандарға жалтақтай береді.

«Арақ ішеді, қызбен жүреді. Мен сол қызды алам, сені тастаймын деп жиі айтады екен. Ақтауда аспаз боп жұмыс істеп жүргенінде бір қызбен көңіл жарастырыпты. Енді Алматыға келіп тағы біреумен жүріп кетті, соңы өліммен аяқталып отыр. Қазақстанда заң бар ма? Қалай анықтап береді бізге? Үш баласы жетім қалды», - дейді марқұмның ағасы Назарбек СӘБЕНҰЛЫ.

Марқұмның туыстары қыздарының өліміне күйеу баласы – 28 жастағы Ерғалиды кінәлі деп отыр. Олардың сөзіне сенсек, спирттік ішімдік ішіп, әйелін төмпештеу бұған дейін талай рет болған екен.

«Көзінен, қарақұсы мен желкесінен, құлақ шекесінен жарақаты әлі кетпеген.  Егер асылып қалса арқан тамақ арқылы иекке тірелуші еді, ал қылқындырған із өндіршектің тұсында тұр», - дейді Сайрангүлдің туыстары.

«Сенбейтінім, мысалы асылып өлген адамның мойнында жіп жоғарыда тұрады. Мұнда төмен тұр. Одан кейін, басында жара тұр. Арқасында да жарақат бар. Күйеуі ұрмаса ол жарақат қайдан пайда болды? Бір көзі шығып кете жаздаған», - дейді Сайрангүлдің ағасы Табыс ТӘБАРАКҰЛЫ.

«Сыра ішіп алып, ұрыс шығарсам да, әйеліме қол жұмсамадым» деген отағасы әйелін суицид жасады деп ашық айтып отыр. Бірақ, денесіндегі жарақаттардың қайдан пайда болғанын  түсіндіріп бере алмады.

«Бір-бірімізбен ерегесіп жүре бермейміз ғой, отбасы болған соң ұрыс-керіс болады. Әйелімді ренжіткенім үшін өкінемін, бірақ, оны мен өлтірмедім», - дейді марқұмның күйеуі Ерғали ҚАЛИЯҰЛЫ.

Сайрангүл ауыр жарақаттардан кейін ауруханада 1 айға жуық уақыт жатқан. Миы өлсе де, жүрегі соққан келіншек көп уақыт жасанды тыныс алу аппаратымен демалыпты. Ес жинай алмаған жас келіншектің өмірін сақтап қалуға дәрігерлер қанша тырысса да, жас ана бүгін таңғы төрттер шамасында үзіліп кеткен.

«Сайрангүлді №4 қалалық клиникалық ауруханадан 29 желтоқсан күні осында әкелді. Бұл жерде емдеу нәтижесіз, тек өмір сүру уақытын ғана созатын адамдарды жатқызады. Қолдан келген көмегімізді жасадық, бірақ өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Бастапқы диагнозы өзгеріссіз қалды, ол өте ауыр жарақаттар алған», - дейді «Алматы қалалық паллиативтік көмек орталығы» МКК дәрігері Марина РАХИМОВА.

Еске салайық, бұған дейін марқұмның туыстары полицейлер әрекет етпеді деп ашынған болатын. Айтуларынша, әйел 1 айдай ауруханада жатса да тәртіп сақшылары төбе көрсетпеген. Алайда, қалалық Полиция департаментінің өкілдері бұл жайтқа қатысты қылмыстық істің қозғалғанын айтып отыр.

«Алатау аудандық ішкі істер басқармасының тергеу бөлімінде ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша іс қозғалған. Бүгін мәлім болғандай, бұл келіншек қайтыс болды. Біз міндетті түрде сот медициналық сараптама тағайындаймыз. Егер өзге де мән-жайлар анықталатын болса және басқа да қылмыс құрамы дәлелденетін болса, онда қылмыстық іс саралануы мүмкін, яғни қылмыстық істің бабы өзгереді», - дейді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Сайрангүлдің төркіні Қытайда, өзі 10 жыл бұрын азаматтық алып, тарихи отанына қоныс тепкен. Енді оның ата-енесі жетім қалған немерелерін Үштөбе ауылына алып кетпекші. Сот-медициналық сараптамадан кейін марқұм келіндерінің де мәйітін сол ауылға апарып жерлейміз деп отыр.

Әмірболат Құсайынұлы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров