Полицейлер халыққа біртабан жақындай түсті. Алматыда келесі жылы сенбі мен жексенбі күні де жұмыс істейтін 12 ілгері-кеңсе ашылады.
Бұдан былай тұрғындар тәртіп сақшыларына тез арада арыз-шағымдарын тастап, оған қоса, құқықтық көмек те ала алады. Фронт-кеңселер қалай жұмыс істейді? Қазір қай ауданда құрылысы басталды?
Алматыда 2 айдан бері Жетісу аудандық полиция басқармасы тексеру пунктінің ішін кеңейтіп, кішігірім фронт-кеңсе ашты. Бұл жаңасы салынған дейін уақытша жұмыс істейді дейді құзырлылар. Өйткені, игі бастаманың нәтижелі екенін байқаған тәртіп сақшылары тәжірибені қазірден бастап енгізуді жөн көрген. Жұмыс істеу тәртібі оңай. Арызданушы келген бойда кеңесші кабинеттерге сабылтпай бірден есіктен қарсы алады. Керектісін тауып беріп, уақыт шығындамастан жұмысын бітіруге септеседі. Кеңесшінің қызметіне күніне шамамен, 50 шақты адам жүгінеді екен.
«Жұмысымыз бұрынғыға қарағанда қазір анағұрлым ілгерілей түсті. Қазір арызданушыларды жақсы қарсы аламыз. Ешқандай кезек күту деген болмайды. Келген кісілер ішке қарай кіріп кете алады. Бақылау-өткізу бекеті бұрын шағын еді. 2-3 адам келсе, бұл жерде айналатын орын қалмайтын. Қазір оны кеңейтіп, келген кісілерге барынша қолайлы мүмкіндік жасап жатырмыз», – деді Алматы қаласы Жетісу аудандық полиция басқармасы кезекші бөлімінің басшысы Мұрат ДӘУРЕНБЕКОВ.
Жетісу аудандық полиция басқармасы жанындағы фронт-кеңсе таңғы сағат 8:00-ден ашылып, кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Тіпті, аптаның сенбі мен жексенбі күніне де қарамайды. Ал келесі жылы халық үшін бұдан да жайлы жағдай жасалмақ. Жаңа нысанда күту залы қарастырылып, қылмыстық және әкімшілік полиция қызметкерлері, сондай-ақ заңгерлер кеңес береді.
«Менің жол көлік апатына қатысты мәселем болды. Полиция басқармасына келгенде кеңесші қарсы алып, бірден қайда бару, не істеу керектігін тізіп айтып берді. Бұл стратегиялық нысан болғандықтан, кіру қиындық туғызады. Кез келгенді кіргізе бермейді. Дегенмен, бүгін керекті кабинетті тез тауып, жұмысымды аз уақытта тындырдым. Әйнек фронт-кеңсе салынады дегенді естігенмін. Жақсы болар еді», – деді Ілияс ҚАСЕНБАЕВ.
Қазір Түрксіб аудандық полиция басқармасына қатысты фронт-кеңсенің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Заманауи үлгіде салынатын нысанның әрқайсысы шамамен, 65 шаршы метрді құрамақ. Ал жемқорлықты азайту мақсатында сырты төзімді ғана емес, сондай-ақ, бәрін сырттай кедергісіз бақылауға болатын әйнектен жасалады.
Келер жылы адам¬дар¬ды әуре-сарсаңға салмай, мұң-мұқта¬жын бір жерден шешу үшін жалпы саны 12 фронт кеңсе салынбақ. Ол үшін 300 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Айта кетейік, бір терезе қағидасы негізінде жұмыс істейтін нысан аудандық басқармаларда бір типте салынады. Оның ені 6 метр, ал ұзындығы 11 метрді құрайтын болады.
Жадыра Омаржан, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы