Астанада жаяу жүргіншіні автобус қағып кетті

Астанада жаяу жүргіншіні автобус қағып кетті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада белгіленбеген жерден жүгіріп өтпекші болған жүргіншіні автобус қағып кетті. Абырой болғанда, азаматша тірі қалды. Қазір оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.

Оқыс оқиға бірден әлеуметтік желілерде жария болды. Куәгерлердің сөзінше, жол көлік апаты Гете көшесінде орын алған. Әйел адам жолды жүргіншілер жолағына шамамен, 30-40 метр жетпей жатып жүгіріп өтпек болған. Аталған фактіні «Астана LRT» кәсіпорны да растап отыр.  

«№37 маршрут автобусының жүргізушісі Гете көшесімен сағатына 32 шақырым жылдамдықпен келе жатып, белгіленбеген жерден жүгіріп бара жатқан әйел адамды қақты. Ол таңертең әдеттегідей, міндетті рейсалды медициналық тексерістен өтіп, жұмысқа жіберілген болатын. Жүргізуші автобус паркінде 10 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істейді. Осыған дейін жетекшілік тарапынан ешқандай ескерту алып көрген емес», – деді «Астана LRT» ЖШС Көліктік бақылау департаменті жетекшісінің міндетін атқарушы Рашид РАХМАТУЛИН.    

Белгілі болғандай, қоғамдық көлік астына түскен азаматша бірден ауруханаға жеткізілді. Ақ халаттылардың айтуынша, оның жағдайы қалыпты, өміріне еш қауіп жоқ. Ал автобус жүргізушісі тергеу амалдары аяқталғанға дейін жұмыстан шеттетіліп отыр.

Елордада кеше тағы бір оқыс оқиға орын алғанын атап өту керек. Кешқұрым қоғамдық көлік «Абсолют» тұрғын үй кешенінің жанында екі электр бағанын соғып құлатты.    

«Мұхамедханов-Омаров көшелерінің қиылысында келе жатып, оңға бұрылған автобус жүргізушісі қоршау мен бағананы қағып өтті. Сол мезеттегі жылдамдық сағатына 50 шақырымды құраған. Қазіргі уақытта ол келтірген шығын есептелуде. Аталған жүргізуші жұмыстан шеттетіліп, қара тізімге енгізіледі. Енді ол бір де бір автобус паркіне қабылданбайды», – деді Рашид РАХМАТУЛИН.


Новости партнеров