|
31.10.2018 | 19:26
2003

Алматы әуежайы маңындағы көл: 60 жылдан кейін жөндеу жұмыстары жүргізілді

Алматы әуежайы маңындағы көл: 60 жылдан кейін жөндеу жұмыстары жүргізілді

Алматыда әуежай маңындағы көлді қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. 60 жыл ішінде бір де бір рет жөндеу көрмеген көл қараша айында демалыс аймағына айналады. Сондай-ақ, жағасы тасты габионмен қатайтылып, барынша қауіпсіз бола түседі.

Мамандар көл суының деңгейін үнемі бақылауда ұстау үшін гидроқұрылғы орнатқан. Ол қойма толып кетсе, автоматты түрде суды ағызып жіберуге қауқарлы. Тиімдісі сол, құрылғы қашықтықтан басқарылады. Бұл су көлемі ұлғайған шақта уақытты тиімді пайдаланып, тезірек әрекет етуге мүмкіндік береді дейді мамандар. 

«Әуежай маңындағы көлді қайта қалпына келтіру жұмыстары 95 пайызға аяқталды. Қазіргі таңда айналаны тек көріктендіру қалып отыр. Жөндеу жұмыстары кезінде бұзылған жақын маңдағы жолдарды тақтайдай тегіс ету керек. Сондай-ақ, ары қарай көгалдандыру мақсатында қара топырақ та төгіледі. Көшеге жарық шамдары орнатылады», – деді Алматы қаласы Түрксіб ауданы Коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Айдос БЕКЕТАЕВ. 

Халыққа көлден өту барынша ыңғайлы болу үшін арнайы көпір жасалды. Өткелдің шатыры толықтай жабылып, жолға кеспе тастар төселіпті. Оған қоса, жарық шамдары орнатылған. Қауіпсіздік үшін жуық арада бейнекамералар да қойылады. Одан бөлек, көл маңында балалар ойнайтын алаң қарастырылып отыр. Оны да қазіргі жөндеу жұмыстарын жасап жатқан мердігер компания өз қаражатына жасап береді. 

«Көл маңайының жақсарғаны көзге бірден көрініп тұр. Айналасы көгалданып, балаларға арналған ойын және футбол алаңы салынды. Бұрын бұл жақ ондай болмаған еді. Демалғымыз келсе, алысқа баратын едік. Заманауи алаңда балалармен қатар, ересектер де спортпен айналысып, шымыр болуға мүмкіндіктері бар», – деді Гүлмира МЫРЗАХМЕТОВА.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир