Астанада серозды менингитке шалдыққан балалар саны артуда

Астанада серозды менингитке шалдыққан балалар саны артуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елордада менингит ауруы өршіп тұр. Бұл сырқатқа шалдығып жатқандардың саны күннен-күнге артуда. Мәселен, қалалық балалар инфекциялық ауруханасына күн сайын менингитке шалдыққан 1-2 баладан түседі екен. Ал аталған дерт таралған мектептерде ата-аналар балаларын сабаққа жібермеу үшін арыз жазып жатыр.

Қазанның 5-і мен 10-ы аралығында Қалалық балалар ауруханасына «серозды менингитке» шалдыққан 8 оқушы түскен. Бұл Астанадағы алты білім ордасының оқушылары. Дерттің өрши түсуі қоғамда біраз алаңдаушылық туғызған көрінеді. Себебі, кей мектептерде ата-аналар балаларын сабаққа жіберуден қалыпты.

«75 мектепте ата-аналар балаларын сабаққа жібермеу үшін арыздар жазып жатыр. Фэйсбукте посттар жариялануда. Мұның алдын алу үшін ата-аналармен кездесулер ұйымдастырып, инфекционист дәрігерлермен жолықтыруы керек еді», – дейді Астана қалалық Ата-аналар қоғамдастығының өкілі Татьяна КОРШУНОВА.

Ал жұқпалы аурулар ауруханасының мамандары мекемеге күн сайын менингиттің белгілері бар 4-5 бала түсетінін айтады. Олардың бір-екеуінде дерт расталып жатады. Дегенмен, ақ желеңділер әлі де қоғамда дүрбелең туғызудың қажеті жоғын алға тартады. Бұл жылдағы «сероздық менингиттің» маусымдық таралуы дейді.

«37,5-38 градус шамасында қызуы көтеріліп, басының қатты ауыруы, қайта-қайта құсуы байқалады. Бұл тамақты жеу-жемеуіне байланысты емес. Сондай-ақ серозды менингитте жөтеліп, мұрнынан су ағады, тамағы қызарып ауырады», – деді Астана қаласы Қалалық балалар инфекциялық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Роза ӨТЕГЕНОВА.  

Аталған белгілер болған жағдайда дәрігерлер ата-аналарға өздігінен ем жүргізбей, учаскелік дәрігерді немесе жедел жәрдем қызметін шақыруға кеңес береді. Инфекциялық ауруханаға түскен балалардың менингитке шалдығу-шалдықпауын мамандар арнайы пункция арқылы алынған жұлын суы арқылы анықтайды. Бұдан соң оның сероздық немесе іріңдік екенін белгілеп, қажетті ем-дом тағайындайды.

Нейрожұқпалар бөлімшесінде бүгінде серозды менингит диагнозы қойылған 14 бала емделуде. Олар дәл осындай бокстарға оқшауланып, шамамен, 10 күн бойы қажетті ем-дом қабылдайды. Ақ халаттылар балалардың жағдайын қалыпты, алаңдауға еш негіз жоқ деп отыр.

10 күндік ем қабылдап болған соң, балалардан қайта талдама алынады. Сауыққан жағдайда олар ауруханадан шығарылып, амбулаторлық емге көшіріледі.


Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров