|
14.11.2018 | 19:33
2672

Алматыда шойын қоршаулар мен лифт тростарын ұрлайтын ұрылар іздестіріліп жатыр

Алматыда шойын қоршаулар мен лифт тростарын ұрлайтын ұрылар іздестіріліп жатыр

Алматыда қаланың коммуналдық мүлкін қолды қылған ұрылар іздестіріліп жатыр. Айласына құрық бойламайтын сұғанақтар енді жол жиектеріндегі қоршаулар мен жеделсатылардың темір тростарын үптеп кетуге көшкен. Бүгін полицейлер қаладағы металл қабылдайтын орыннан осындай мүліктердің түр-түрін тапты. Оларды темір қабылдайтын орынға кімдер өткізген және саудагерлер коммуналдық мүлікті қанша теңгеге бағалаған?  

Қала қазынасына тиесілі мүлік Медеу ауданындағы Жетісу көшесінде орналасқан мына шағын металл қабылтайтын орыннан табылды. Бұл жердің тарлығына қарамастан, сатушылар мұнда әртүрлі темір-терсекті таудай етіп үйіп тастаған.

Ұрланған металдардың арасында көзге бірінші болып түскені – жол жиектерінде тұратын мына темір қоршаулар. 600 келі тартатын қара металды сатушы түнде ғана бәзбіреулерден қабылдап алған көрінеді. Ал жеделсатылардың темір арқандарынан тіпті, аяқ алып жүру мүмкін емес. Полицейлер қаланың осындай коммуналдық мүлкін сатып, оңай олжалы болғысы келгендерді бүгін тал түсте анықтады. Сөйтсе, темір қабылдайтын орынның тиісті рұқсаттары да болмай шықты. Қожайынының жоқтығын сылтауратқан саудагер бұл мүліктердің ұрланған екенін білмедім деп басын алып қашты.

«Лифтінің тростарын шамамен 10 күн бұрын әкелді, ал қоршауды осы түні қабылдап алдым. Мен темір өткізген ол адамды мүлдем танымаймын, түнде түрін де анықтап көре алмадым. Қоршаудың ұрланған екенін білмедім, тек әрбір келісі үшін 60 теңге төледім», – дейді металл сатушы Мухит ЮЛДАШЕВ.

Полицейлерге «ұрланған металл қабылдаудан аулақпыз» деп ақталған саудагер артынша лифтінің арқандарын нақты кімнен сатып алғанын ашып айтты. Ал қоршаулардың иесін табу қиынға соқпады. Темір-терсекті заңсыз қабылдайтын орынға жеткен жергілікті әкімдік өкілдері ауданда жоғалған мүліктерін түгендеп шықты. Сөйтсе, дәл осындай қоршауларды бұзақылар жаз кезінде Қонаев көшесіндегі көпқабатты бір үйдің ауласынан қолды қылған.

«Бізде тамыз айында аулаларда көріктендіру жұмысы басталғанда бізде мына қоршауларды жасаған ұйым орнына қайтадан қоямыз деп алып тастаған болатын. Содан кеш батып, қараңғы түскенде біреулер келіп осы қоршауларды ұрлаған. Сол кезде тұрғындар балконға шығып, қанша айғайласа да, ұрылар ұрлап кеткен», – деді ПИК төрағасы Жанат ТҰТҚЫШБАЕВА.

Тәртіп сақшылары заңсыз орыннан табылған қаланың коммуналдық мүлкін түгелдей тәркілеп, Ішкі істер басқармасына алып кетті. Енді қоршауы жоғалған үйдің пәтер иелері кооперативі арыз жазып, өздеріне тиесілі мүлікті кері қайтарып алмақ. Дегенмен, сақшылар тұрғындарды жапа шектіріп кеткен ұрыларды қолға түсіруге бекініп отыр. Өйткені, соңғы кездері тұрғын үйлерден металл бұйымдардың ұрлануына байланысты шағымдар көбейіп кеткен.

Тәртіп сақшылары рейдті әрмен қарай қаладағы ұялы телефон сататын орталықтардың бірінде жалғастырды. Айтуларынша, ұрылар қолды қылған олжаларын дәл осы сауда нүктесінде сататын көрінеді. Қаптаған құзырлылар сөрелерде самсаған телефондарды біртіндеп тексеріп шықты. Айналдырған жарты сағаттың ішінде қолды болған қос телефонды анықтады. Дегенмен, мұндағы саудагер де байланыс құралының ұрланған екенін білмедім деп өзіне шаң жуытпады.

«Ұрланған телефон болса мен алмаймын ғой, мен құжаттары болғаннан кейін алдым. Ресми құжатпен алып тұрмын ғой, тек қорабы жоқ деді», – деп ақталды саудагер.

«Жыл басынан бері Алматы қаласында 2000 телефон ұрлығы тірткелген болатын. Олардың көбі қоғамдық орындарда және қоғамдық автокөліктердің ішінде орын алған қылмыстар. Ұялы телефондарды ұрлау деректерінің 47 пайызының беті ізін суытпай жатып ашылған болатын. Қалғандары әлі тіркелу үстінде», – деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Рейд нәтижесінде полицейлер орталықтан мыңнан астам телефонды тексерді. Алдағы күндері де мұндай шара қалада тұрақты өткізілмек. Өйткені, телефон ұрлығы – шаһарда көп тіркелетін қылмыстың бірі екен.


Айдана Мейрамбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир