|
18.01.2019 | 19:36
7575

Қазақстанда тұңғыш рет ақылы ҰБТ өтті

Қазақстанда тұңғыш рет ақылы ҰБТ өтті

Елімізде тұңғыш рет ақылы ұлттық бірыңғай тестілеу өтіп жатыр. Сынақтың алғашқы күнінде Қазақстан бойынша 9 мыңнан астам түлек өз білімдерін сынады. Олардың биыл жоғарғы оқу орындарына түсуге мүмкіндігі мол. Себебі, биылдан бастап ұлттық бірыңғай тестілеу жылына төрт мәрте өткізілетін болады. Бұл тестілеу не үшін қажет?

Елімізде бүгін ұлттық бірыңғай тестілеу алғаш рет ақылы негізде өтті. Сынақ ұйымдастырылған 74 бекеттің бірі – Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті болды. Таң сәріден мұнда былтырғы жылғы тестілеуден сүрініп, ақылы бөлімге шартты қабылданғандар көптеп ағылды. Олар үшін бұл – оқудан шығып қалмау үшін жақсы мүмкіндік. Еске сала кетейік, өткен жылы ұлттық бірыңғай тестілеуде 15 мыңға жуық түлек қажетті ұпайларын жинай алмаған екен.

Оқушылар шекті 50 ұпайды жинай алмаса, оқудан шығарылуы әбден мүмкін. Жалпы, қысқы сынаққа 36 мыңға жуық адам қатысуға өтінім беріпті. Олардың дені 11-12 сынып оқушылары. Мәселен, тестілеуге 29 926 оқушы қатысып жатыр. 3 мыңы – басқа мамандыққа ауысқысы келетіндер, 3 мың адам – оқуға шартты түрде қабылданғандар. Ал экономист мамандығына грантқа түсуді армандайтын Арайлым Айтмаханбет бүгінгі тестілеуге Астрахань ауданынан арнайы келіпті.

«Жазда болатын ҰБТ-дан өту үшін қатты қобалжимын, әрине. Бүкіл балалар үшін бұл ең қорқынышты нәрсе шығар. Өмірдегі жаңа кезеңге көшу. Бірақ бүгінгі ҰБТ-ны тапсырғаннан кейін, өзіме деген сенім пайда болды», – дейді оқушы Арайлым АЙТМАХАНБЕТ.

Қысқы сынақ кезеңі қаңтардың 18-і мен 20-сы аралығында өткізілмек. Алайда, бұл жолғы тест тек ақылы бөлімде оқығысы келетіндер үшін өткізіліп жатыр. Ал мемлекеттік грант иегері атану үшін маусым айында болатын сынаққа қатысу міндетті.

«Бүгін біз үшін үлкен тарихи сәт. Еліміздің барша балалары Ұлттық бірыңғай тестілеуді жылына 4 рет тапсыруға мүмкіндік алып отыр. Енді бүгін, 18 қаңтарда республикамыздың балалары жоғары оқу орындарының парталарына отырып, Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруды бастады. Бүгін ҰБТ тапсырған балалар саны 35 838-ге жетіп отыр. Таңғы 7-ден бастап бүкіл аймақтағы талапкерлер емтихан тапсырып жатыр», – деді ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Элмира СҰХАНБЕРДИЕВА.

Білім және ғылым вице-министрі тестілеуді жылына 4 рет өткізу арқылы балалардың психологиялық жүктемесі азайтылатынын жеткізді. Оқушылар қандай пәндерден әлсіздеу екенін біліп, тыңғылықты дайындалады. Ал сынақты тапсыру пішіні өзгертілмеген. Тек сұрақтары жылына 50 пайызға дейн жаңартылып, келесі тестілеулерде мүлдем қайталанбайды.

«20 мыңнан астамы қазақ тілінде тапсырамын деп өтініш берді. Қалғаны орыс тілінде тапсыруда. Айта кету керек, былтыр 26 түлек ағылшын тілінде тапсыруға тілек білдірсе, биыл 61 түлек ағылшын тілінде тапсырмақ. Яғни, ондай талапкерлер саны көбейіп жатыр. Ол қуанышты хабар. Ал былтырғы ағылшын тілінде тапсырған түлектердің нәтижесінің барлығы шектеу балдан жоғары балл алып шықты. Сондықтан биыл да ағылшын тілінде тапсырғандар төмен балл алмай, жоғары балл алады деп үміттеніп отырмыз», – деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан ӘЛІМҚҰЛОВ.

Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу үшін мемлекеттік комиссия құрылған. Олардың құрамына 444 маман кіріп отыр. Ал сынақ өткізілген барлық аудиторияларға ұялы байланыс сигналдарын бұғаттайтын құралдар мен бейнебақылау камералары орнатылған.


Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир