Алматыда жол ережесін бұзған жаяу жүргіншілерге жаппай айыппұл салынуда

Алматыда жол ережесін бұзған жаяу жүргіншілерге жаппай айыппұл салынуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жол ережесін елемей, көшені көлденең кесетін жүргіншілер жаппай ұсталып жатыр. Полицейлер алдағы екі күнде белгіленген орыннан өтуге ерініп, судай сапырылысқан көліктердің ортасынан жүгіріп өте шығатындарды тезге салмақ.

Полиция қызметкерлері енді ескертумен есіркемей, бірден айыппұл арқалатады. Жол сақшыларының жазаны бұлай қатаңдатпасқа амалы қалмаған. Өйткені, соңғы кезде қалада жүргіншілердің қатысуымен болатын апаттар жиілеп кеткен. Жыл басынан бері тыйым салынған тұстан өткен 66 адам қаза тауыпты.  

«Көк базар» маңындағы көшені көлденең кесіп, көліктерге кедергі келтірген бұл азаматты жол сақшылары бірден қолға түсірді. Уақытын алып, жолдан қалдырған полицейлердің әрекетіне ашынған жүргінші олардың өздеріне сес көрсетті. Жеке куәлігін беруден бас тартып, керісінше, погон таққандардың құжатын талап етті. Сөйтсе, әлгі жігіт өзбек елінен келіпті. Қолында тиісті құжаты да болмай шықты.

Погон таққандармен ұзақ сөз таластырып, ақырында амалы құрыған өзбек азаматы қулыққа да көшті. Камераның бақылауында тұрғанына қарамастан, «бармақ басты, көз қысты» әрекетке кірісті. Дегенмен, сақшылар тас жолды жалпағынан басқан дөрекі шетелдіктің құжаттарын тексеріп, тиісті айыппұлын салу үшін бөлімшеге алып кетті. Рейд кезінде белгіленген орыннан өтуге ерініп, судай сапырылысқан көліктердің ортасынан жүгіріп өтуге тырысқандар көп болды. Қатулы полицейлер олардың бірін де аяған жоқ. Барлығына айыппұл арқалатты.

«– Бір аптаның ішінде төлесеңіз, 2405 теңге болады. Ал бір аптадан кейін төлесеңіз, 4810 теңге болады. Түсіндіңіз ғой? – Тамақтануға келе жатқан едім. – Күнде осылай өтесіз бе? – Жоқ.– Негізі, тыйым салынған жерден өткенде айыппұл салынатынын білесіз бе? – Болмайтынын білемін, бірақ айыппұл салынатынын естімеппін...» Көшені кесіп өткен жаяу жүргіншілермен полиция қызметкерлері арасындағы әңгіме көбінесе осылай өрбиді.

Дәл осындай ереже бұзатын тұрғындардың кесірінен, Алматыда жол апаты жиілеген. Жыл басынан бері арнайы өткелдерден өтуге ерінген 1600-ден астам адамды көлік қаққан болса, оның 66-сы өлім құшқан.

«Жол апаттарының 100 пайызы деп айта алмаймын, бірақ 70-80 пайызына жүргізушілердің өздері кінәлі болса, 20-30 пайызына жаяу жүргіншілердің өздері кінәлі болып отыр. Жыл басынан бергі 9 айды алып қарасақ, 12 554 жаяу жүргінші жауапқа тартылып, оларға 53 млн теңге көлемінде айыппұл салыныпты», – деді Алматы қаласы ІІД әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос МҰРАТӘЛИЕВ.

Жолақтан өтуге талпынған жүргіншілерге жол бермеген көлік жүргізушілері де айыппұлдың астында қалды. Оларға заң бойынша 24 мың теңгеден астам айыппұл жазылады. Бүгінгі рейд кезінде осындай 50-ден астам тізгінші тезге салынды. Ал ережені өрескел бұзып, көшені көлденең кескен 180-ге жуық жаяу жүргінші өз жазасын алды.

Айдана Мейрамбайқызы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров