Мәслихат сайлауы: үміткерлер алматылық тұрғындармен кездесуін жалғастырды

Мәслихат сайлауы: үміткерлер алматылық тұрғындармен кездесуін жалғастырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Жетісу ауданының тұрғындары мәслихат депутаттығына үміткер Асхат Шілікбаевтың бірқатар мәселелерді шешіп беруін бүкпесіз алға тартты. Әуелі, ауданда спорттық алаңдардың жетіспейтіні айтылды. Одан бөлек, қауіпсіздік жағынан сақшылардың сақадай сай болуын сұрап, ауданның келбетін әрі қарай көркейтуді қалайтындықтарын жеткізді.  

Кандидат көтерілген мәселелердің барлығын бүге-шүгесіне дейін бақылайтынын баса айтты. Әрі оның орындалуына ықпал ететінін де көптің алдында мәлімдеді. Бұқарамен кездесуге келген үміткердің сенімді өкілдері де, сайлауалды бағдарламаны жұртқа жіктеп түсіндірді.  

«Асхат Қашқанбайұлының бағдарламасы 4 бағытқа негізделген. Ең алдымен білім беру жүйесін дамыту, екінші әлеуметтік бағдарлама. Яғни зейнеткерлерге, жалғызбасты аналарға, ардагерлерге, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету. Үшінші тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселесі, төртінші қауіпсіз қала, қауіпсіз аудан. Аудандағы қылмыс деңгейін қысқартуға күш салу. Осы 4 бағыт бойынша Асхат Шілікбаев жұмыс істеуге дайын», – деді кандидаттың сенімді өкілі Бақытбек СӘРСЕМБАЕВ.

Ал Түркісіб аудандары тұрғындарын қаланың ішіне қатынайтын автобустар мәселесі мазалайды. Сонымен қатар, «Қазпочта» бөлімшесінің жабылайын деп тұрғаны да алаңдатып отыр екен.  

«Бүгінгі кездесу өте қызықты өтті. Тұрғындар алдыңғыдан да белсенді. Әдеттегідей, көшені көріктендіру, спорттық алаңшаларды көбейту керектігін ұсынды. Және мектептердегі балалар алаңшаларын көбейтіп, жөндеу жұмыстарын жүргізу керек дейді. Мектепке қажетті футбол алаңы мен балалар алаңшасының бой көтеруіне міндетті түрде ат салысамын», – деді Алматы қаласы мәслихат депутаттығына кандидат Михаил ГРАЧЕВ.

Дәл осы аудандағы Волочаевская көшесінің тұрғындарымен кездескен Гүлназ Кенжетайқызына көптеген өтініштер айтылды. Пәтер иелері кооперативінің ақша жинап, ешқандай жұмыстар жасамағанын алға тартты.

«Бұл жерде жол жаман. Аялдама жоқ дейді. Жалпы, жол мәселесі тұрғындарға қиын соғуда, сондықтан мәселелерді шешіп, 150 метр жолды жасауға болады ғой. Соның бәрін, яғни жол жасау мәселесін жоспарға енгізу керек деп айттым. Оған ақша бөлінеді, айтып қана қою жеткіліксіз. Сондықтан ақша бөлдіріп, асфальт салдыруға тырысамын», – деді Алматы қаласы мәслихат депутаттығына кандидат Гүлнас АХМЕТОВА.


Новости партнеров