Алматыда Елорда дамуына үлес қосқандар марапатталды

Алматыда Елорда дамуына үлес қосқандар марапатталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда еліміздің жүрегі Астананың дамуына үлес қосқандар марапатталды. Қала әкімі Бауыржан Байбек аянбай еңбек етіп, Елорданы гүлдендіруге белсене ат салысқандарға мерейтойлық медальдар табыстады. Бас қаланың 20 жылдық мерейлі мезеті қарсаңында түрлі саладағы жандар марапатқа ие болды. Жиналған алматылықтар Астана мерекесі барша халық бірге атап өтетін ұлы мейрам деді. Себебі, бұл тұтас елдің қуанышы.

Бұл Елорданың еңсесін тіктеп, дамуына үлес қосқандардың еңбегі еленген тарихи күн. Бүгін Астананы дамытуға үлес қосқан 270-тен аса алматылық президент жарлығымен мерейтойлық медальдарға ие болды. Өйткені, олар еліміз тәуелсіздік алғаннан бері тынбай еңбек етіп, ел абыройын асқақтатып, мерейін асырғандар. Оның қатарында еңбек сіңірген қоғам қайраткерлері, ғылым мен білім, өнер мен спорт салаларының майталмандары, мемлекеттік қызметкерлер бар. Қала басшысы Бауыржан Байбек ұлт мақтанышы, бағаналы басты ордамыздың 20 жылдығымен барша жұртты құттықтады.  

«Өткен дүйсенбіде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев барлық әкімдерді Астанада жинап, бүгінгі тәуелсіздігіміздің тұғыры Астананың 20 жылдық мерейтойымен сіздерді құттықтауды тапсырды. Елбасы «Астана бүкіл Қазақстанның жетістігі. Біз бас қаланы бүкіл ел болып тұрғыздық. 21-ші ғасырда ғаламат дүниені бірге жасадық. Азамат тарихында мұндай қалалар ешқашан 20 жылдың ішінде салынбаған. Ал, біз салдық» деп атап өтті. Еңселі Елордамыздың тойы баршамызға құтты болсын! Ерке Есілдің жағасындағы айшықты Астана тұғырлы да ғұмырлы, шоқтығы әрдайым биік болсын!», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

1998-ші жылдың маусым айында Елбасының салиқалы шешімімен Арқа төрінде Астана бой көтерді. Ресми тұсаукесері өтіп, төрткүл дүниеге тәуелсіз Қазақстанның Елордасы таныстырылды. Бүгінде бас қала сәулеті мен дәулеті келіскен озық мекен, таңғажайып шаһар. Ал, дүниежүзін бейбіт келісімге шақырған, ғаламдық игі бастамалардың киелі ордасы саналатын Астана көптеген ақынның жырына, әншінінің әсем әніне арқау болған.

Күллі әлемге ел атағын асқақтатып, маңдай термен мерейтойлық медальдарға ие болғандар еңбектерін елегені үшін Елбасыға шын алғыс білдірді.

«Мен өзім Тәуелсіздік алғаннан бастап, Астанаға көшкеннен бастап жүздеген өлең жазылған еді. 10 шақты ән өлең жазылған. Соның бірі осы өткен жылы тұсаукесер тойы болды. Біз қашанда ақын ретінде барғанда әрдайым өлең жазып қайтамыз. Барған сайын бір өлең жазып қайтамыз. Өйткені, барған сайын бір өзгеріс, барған сайын бір дүние, барған сайын бір ғажайып», - деді ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай САРИЕВ.

«Мен қиын кезеңдерде Совет одағында 15 республиканың ішінен қазақ жастарының арасынан жаңа палуан ретінде Олимпиада чемпионы болғаныма өте ризамын. Қазіргі жастарда арман бар ма?! Өзіміздің туымызды, өзіміз егеменді ел, жеке мемлекет болып барып, Олимпиада ойындарына, әлем біріншіліктеріне қатыса береміз. Үлкен жеңілдік емес пе? Соны шіркін, жастар түсінсе деймін», - деді олимпиада чемпионы, Қазақстанның еңбек ері Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ.  

Ел жүрегі Астананың 20 жылдығын күллі жұрт ертең дүрілдетіп тойлатады. Өйткені, бұл қала көптің тілегімен тірегі қаланған, мақтанышқа айналған мекен.  

Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров