Елбасы «Астана» халықаралық қаржы орталығын ресми түрде іске қосты

Елбасы «Астана» халықаралық қаржы орталығын ресми түрде іске қосты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елордада «Астана» халықаралық қаржы орталығы ісске қосылды. Президенттің қатысуымен өткен салтанатты шараға түрлі саладағы шетелдік мамандар қатысты.  Бүгіннің өзінде Қазақстандағы өзгеше орталықта өз қызметін жүргізуге 50 компания қол қойған.

Әлемдегі талай биржа жұмысын осындай дабылмен бастаған. Кезек енді Астанада. Елордадағы халықаралық қаржы орталығының ашылуына біз ұзақ дайындалдық  - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан экономикасын жандандыра түсер орталықта бүгінен бастап 55 компания жұмыс істеуге білек сыбана кірісті.

«Жаңадан ашылған «Астана» Халықаралық қаржы орталығы - Тәуелсіз Қазақстанның жаңа парағы. Оның ашылуы маңызды қадам, біздің экономиканың бекем түрде дамуының жалғасы болып табылады. Жаһандық сын-тегеуріндерге жауап ретінде АХҚО-ны құру туралы идеяны ең алғаш рет 2015 жылы айтқан едім»,-деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Ниеттілердің арасында шетелдік компаниялар бар. Мемлекет оларға оңтайлы жағдай да жасаған. Мысалы, өзге ел азаматтары үшін визалық және еңбек бойынша жеңілдіктер берілген. Ақша бар жерде әділеттіліктің де болғаны жөн. Сондықтан тараптар құқықтары мен шағымдарын тәуелсіз сот - халықаралық арбитражды орталық қарайтын болады. Ол үшін Англия мен Уэльстен 9 білікті  судья тағайындалған. Оларды Англияның бұрынғы Жоғарғы судьясы басқарады. Арбитражды орталыққа сонымен бірге тағы 23 халықаралық арбитраж енді. Сондай-ақ, бүгін биржа да өз жұмысын бастады.

«Қор нарығын дамытатын қатысушылардың ыңғайы үшін АХҚО биржасы - жоғары технологиялық инфрақұрылымды орта. Бүгін сіздермен осы биржаның жұмысын бастаймыз. Оның жұмысына америкалық «Nasdaq» биржасы және Шанхай қор биржасы да қатысады»-деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

40 елден экономика, қаржы, экология және ақпараттық технологиялар саласында өз ісін білетін 150-ден астам маман қатысқан шарада «орталық еліміздің гүлденуіне сеп болады» деген ой айтты көпшілік. Олардың арасында Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті ерекше көзге түседі. Сума Чакрабарти «Астана» халықаралық қаржы орталығы болашақта «Бір белдеу, бір жол» жаһандық жобасының негізгі қаржылық хабтарының бірі де бола алады деген ойын білдірді.

«Астана» Халықаралық қаржы орталығын дамыту елдегі жалпы реформаларды жүзеге асыруда маңызды рөлге ие. Орталық отандық және шетелдік инвестицияларды бағыттауға, өсімді ынталандыруға корпоративтік басқарудың жаңа стандарттарын қалпына келтіруге, тәжірибе бөлісуге септігін тигізеді. Сонымен қатар ол ірі компанияларды жекелешендіру үшін де маңызды рөлге ие. Ал бұл, елдің басты мақсаттарының бірі саналады»,-деді Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Сума ЧАКРАБАРТИ.

Ресми салтанаттан кейін баспасөз өкілдерінің сұрақтарына қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов жауап берді. Ол алғашқы акционерлерді де атады.

«Біздің акционерлер қатарына Жібек жолы Қоры қосылды. «Бір белдеу, бір жол» - Ұлы Жібек жолының маңыздылығын алға тартатын ұйымның капиталы - 40 миллиард долларды құрайды. Сонымен қатар, бүгін Қазақстандағы түрлі инфрақұрылым және инвестициялық жобаларға 2 миллиард доллар көлемінде құйылатынын білдік»,-деді «Астана» Халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат КЕЛІМБЕТОВ.

Қаржылық орталық басқарушы ресми шараны ұйымдастыруға ел бюджетінен бір тиын да шығармылмағынын тілге тиек етті. Барлық шығынды демеушілер көтерген. Ақша айналған ортада әкімшілік, сот, биржа қызметкерлерін қосқандай, 200 адам қызмет етпек.


Новости партнеров