Алматыда Наурызбай ауданының тұрғындары заңсыз салынған құрылыс нысанын сүруді талап етті

Алматыда Наурызбай ауданының тұрғындары заңсыз салынған құрылыс нысанын сүруді талап етті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Наурызбай ауданының тұрғындары заңсыз тұрғызылған құрылысқа қарсы. Олар көшелеріне салынған биік ғимараттың кесірінен күн көзін көруден қалдық дейді. Одан қалды, алда-жалда өрт шықса көшемізден техниканың өтуі қиындайды деп алаңдап отыр.    

Құрылысы биыл жазда басталған мына биік ғимарат Московская көшесіндегі тұрғындардың құтын әбден қашырды. Жер телімінің иесі көршілерімен келісіп жатпастан, нысанды көшеге тақап тұрғызыпты. Соның кесірінен кей тұрғындар күн көзін көруден қалдық дейді. Әсіресе, қыста күн түспейтің көлеңкелі тұстан сірескен қардың еруі қиындайды екен.

«– Ол құрылыс жұмыстарын ең алғаш бастаған кезде осындағы көршілердің барлығы жиналып барып, ғимаратты 1,5 метр арырақ салуын сұрадық. Бірақ мүлдем құлақ асқан жоқ...

– Бұл жерде мамыр айына дейін қалың қар жатады. Күн түспеген соң қар ерімейді. Бұрын мына ғимарат көлеңке түсіретін еді, енді екіншісі қосылды.

– Көшеміз өте тар. Өрт шықса ауыр техника кіре алмайды. Өйткені, бұл жерден жеңіл көліктердің өзінің бұрылуы қиын. Біз інде отырған сияқтымыз», – деп наразылықтарын білдірді тұрғындар.

Мұндай биік нысанды көшеге тақап салу үшін кәсіпкердің қай заңға сүйеніп рұқсат алғанын білуге бекінген тұрғындар талай жауапты мекемеге шағымданған. Бірақ ешкімнен жарытып жауап ала алмапты. Ал құрылыс алаңына келген тілшілерді көре сала меншік иесі өзінің барлық әрекеті заңды екенін айтып ақталды. Тіпті, құрылысқа берілген тиісті рұқсатының барын алға тартты.

Құрылысы аяқталуға таяса да, кәсіпкер бұл жаңа ғимаратты қандай мақсатта пайдаланатынын дөп басып айта алмады. Тек аумақтағы 6 сотық жер телімінің барлығы өзіне тиесілі екенін және онда қалаған нысанын тұрғызатынын жеткізді. Десе де, Сәулет-құрылыс бақылау басқармасының өкілдері құрылыстың заңсыз екенін анықтаған.

«Құжат бойынша нысанның иесі – Марченко Ирина. Ол өзінің бұрыннан бері жұмыс істеп тұрған дүкенін жаңартып, ішін дәріхана мен дүкен етіп өзгертуге рұқсат алды. Бірақ сәулеттік жоспарлау тапсырмасын өрескел бұзды. Тексеріс кезінде дүкенінің жанына жапсарластырып екі қабатты ғимаратты заңсыз тұрғызып жатқанын анықтадық», – деді Алматы қаласы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысы Марат НИЯЗБЕКОВ.

Бір оқпен екі қоянды атуға талпынған пысықай кәсіпкердің қолында құрылыс басында болуы тиіс авторлық және техникалық қадағалау құжаты, сараптама қорытындысы жоқ болып шыққан. Сондай-ақ, ол Сәулет-құрылыс бақылау басқармасының өкілдеріне құрылыс бастағаны туралы хабарламаған. Жауапты орган меншік иесіне осы әрекеті үшін 420 мың теңге көлемінде айыппұл арқалатыпты. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарын тоқтатуға тапсырма берген.

«Сәулет-құрылыс бақылау басқармасы құрылысты тоқтата тұру туралы бұйрық шығарды. Бірақ соған қарамастан, кәсіпкер құрылыс-монтаждау жұмыстарын жалғастыруда. Сондықтан ғимаратты сүру туралы сотқа шағымданамыз», – деді Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Бағлан ДАНДЫБАЕВ.

Жалпы, Наурызбай ауданында соңғы кездері заңсыз құрылыспен күрес күшейтіліп жатыр. Жергілікті әкімдіктегілер аудандағы Қонаев көшесінен тағы осындай 13 нысанның рұқсатсыз тұрғызылғанын анықтапты. Қазір меншік иелеріне ғимараттарды өз еріктерімен сүруге ұсыныс берілген.


Айдана Мейрамбайқызы, Арсен Сандыбаев, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров