Қазақстанда бала асырап алудың машақаты көп. Бұл жетімдер үйінен сәби алғысы келген ата-ананың жігерін мұқалтады дейді жетімдер үйінің өкілдері. Ал Астанадағы сәбилер үйінен соңғы үш жылда қамқорлыққа алынған 24 баланың 11-і кері қайтарылған. Тағы 10-ға жуығын тапсырып жатыр дейді. Мұның себебі неде? Жалпы, елімізде бала асырап алудың талаптары қандай?
Екі жасар Азаматтың ата-анасы мерт болған. Сондықтан ол Сәбилер үйін паналауға мәжбүр. Балғынды асырап алам деушілер бар, әрине. Бірақ бұған бір түйткіл кедергі кетіруде. Азаматтың әзірге ешқандай құжаты жоқ.
Балғын Сәбилер үйіне осыдан бір ай бұрын келіп түскен. Оның туу туралы куәлігі де болмай шыққан. Ата-анасының қандай жағдайда мерт болғанын мекеме жетекшілігі ашып айтпады. Ал мына баланың аты – Давид. Тумысынан сырқат болған одан анасы бас тартқан. Бақытты да жақындары дәл осы себептен тапсырыпты. Жетімін жылатпаған қазақ қазір дін аман бүлдіршіндерін балалар үйіне өткізіп жатыр. Сәбилер үйінде осындай 61 бала бар. Олардың төртеуі тұл жетім болса, қалғандары әлеуметтік жетім дейді мамандар.
«Соңғы жылдары бала асырап алғысы келетін қазақстандықтардың саны артқанын байқап отырмыз. Тіпті, сәби алғысы келетіндердің кезегі де қалыптасқан. Мәселен, биылғы жылдың тоғыз айында 30 бүлдіршін асырауға алынды. Оның бірі Бельгияға кетті. Тумысынан сал балғынды қазақстандықтар таңдамағандықтан, оны шетелдік азаматтар қамқорлығына алып отыр. Біз оның тағдырын жіті бақылап отырмыз. Жыл сайын 40-50 шақты бала жаңа отбасыға қабылдануда. Біз қандай жайлы жағдай жасағанымызбен отбасын ештеңе де алмастыра алмайды ғой», – дейді Астана қаласы сәбилер үйінің бас дәрігері Сәуле КЕНЖЕБАЕВА.
Бала асырап алам деушілердің қатары көбейгенмен бір сәбиді асырап алуға 3-4 жыл уақыт керек. Ал қағазбастылықтың көптігі мен уақыт ұзақтығы ата-ананың ынта-жігерін жоғалтады дейді.
«Ең қиыны – қағазбастылық. Ол бар проблема. Сондықтан оны бәлкім, Білім және ғылым министрлігі өзінің тиісті жауапты жағынан заң нормаларын жеңілдетіп, ата-ананы қағазбастылықтан құтқарып, зерттеп, зерделеуі қажет шығар. Себебі, бала деген бере салатын зат емес, шындығында. Бірақ балаларымыз қыр асып, жер асып, шетелге кетіп жатқанда, неге қара домалақтарымызды қара көздерімізге бермейміз. Бұл жағынан заң нормаларын жеңілдету қажет шығар», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақытгүл ХАМЕНОВА.
Балалар құқығын қорғау комитетінің мамандары жыл сайын елімізде 10-15 бала шетел асатынын айтуда. Алайда, соңғы жылдары оларға қойылатын талаптар күшейтіліп жатыр.
«Баланы асырап алу үшін қазақстандықтарға талаптарды ыңғайлырақ жасадық. Бар болғаны, тізімдегі құжаттарды жинап тапсыруы қажет. Бұл денсаулығы жөніндегі анықтама, сотталғаны-сотталмағаны турасындағы анықтама, тұрғын үйдің болуы туралы, жалақысы және неке жөніндегі анықтама. Осының барлығын Білім басқармасындағы қамқорлық бөліміне тапсыру қажет. Бұдан соң асыраушыға қатысты акті құрастырылады. Ал үміткер республикалық банкке кіріп, баланы таңдай алады. Екі апта бойы таңдалған балғынмен танысу шарасы өтіп, сотқа өтініш тапсырылады. Бұл арыз бір ай бойына қарастырылады», – деді ҚР БҒМ Балалар құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы Раушан ҚАСКЕЕВА.
Ал Астана қалалық балалар үйінің мамандары соңғы үш жылда патронаттық отбасыға берілген 24 баланың 11-і мекемеге қайта өткізілгенін айтты. Бұған бірінші кезекте, ата-аналардың дайын еместігі себеп дегенді алға тартады. Ал екінші себеп – қаржылық мотивация.
«Өзі білмейтін баланы бауырына баса алмағандықтан, тапсыра салады. Қайта өткізілген тәрбиеленуші қыз өзін асырап алған анасы оны ұрып-соққанын айтады. Ал тағы бір тәрбиеленушіміз қамқорлыққа алған анасы далаға үнпарақтарды таратуға мәжбүрлегенін жеткізді. Сағатына 500 теңге тауып, анасына беріп отырған», – деді Астана қаласы балалар үйі директорының орынбасары Бинара ОРАЗБАЕВА.
Қайтарылған балалармен сұхбаттасуға мекеме басшылығы рұқсат бермеді. Онсыз да психологиялық соққы алған оларды біз де мазаламадық. Бірінші биологиялық ата-анасынан, екінші асыраушыларынан көңілі қалған олардың жүрегі күпті екені сөзсіз. Анықталғандай, елімізде қазір 122 жетімдер үйі болса онда 7 мыңға жуық жетім тәрбиеленіп жатыр.
Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана